Жапаров референдум құқығын парламенттен тартып алды

222
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/5gZRqoH7xybPw64X29W11eAPzZlLI7UBjHC7aufv.jpg

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров референдум туралы конституциялық заңның жаңа редакциясына қол қойды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Енді жалпыхалықтық референдум өткізу туралы шешімді тек мемлекет басшысы қабылдайды.

Жаңа заңға сәйкес, референдум бұдан былай президенттің жарлығымен тағайындалады. Жарлықта дауыс беру күні, референдумға шығарылатын сұрақтардың нақты тұжырымы және өзге де рәсімдер көрсетіледі. Дауыс беру күні жарлық күшіне енгеннен кейін төрт айдан кешіктірілмей, демалыс күніне белгіленуі тиіс.

Құжаттағы тағы бір жаңашылдық – қашықтан электронды дауыс беру мүмкіндігінің енгізілуі. Мұндай форматты қолдану туралы шешім әрбір референдумды тағайындау кезінде жеке қабылданады.

Заңға сәйкес, референдумда қабылданған шешім бүкіл ел аумағында міндетті күшке ие болады және қосымша бекітуді қажет етпейді.

Жалпыхалықтық дауыс беруге Конституция жобасы, жекелеген заң жобалары мен мемлекеттік маңызы бар өзге де мәселелер шығарылуы мүмкін. Сонымен қатар, қойылатын сұрақ нақты әрі бірмәнді жауап беруге мүмкіндік беретіндей етіп тұжырымдалуы тиіс.

Заңда референдумға шығаруға тыйым салынған мәселелер де нақтыланған. Атап айтқанда, президент пен парламент депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату немесе ұзарту, мерзімінен бұрын сайлау өткізу, соғыс пен бейбітшілік, салықтар мен тарифтер, мемлекеттің зайырлы сипаты, аумақтық тұтастық, әкімшілік-аумақтық құрылым, мемлекеттік шекаралар, рақымшылық пен кешірім жасау, республикалық бюджетті қабылдау сияқты мәселелер бойынша референдум өткізуге болмайды.

Жаңа заңға сәйкес, референдум өткізу бастамасын Қырғызстан президенті, кемінде 300 мың сайлаушы, Жоғары кеңестің депутаттарының жалпы санының үштен екісі көтере алады.

Президент қол қойған заң 2026 жылдың 21 шілдесінде күшіне енеді. Ал қолданыстағы заң бойынша референдум тағайындау құқығы парламенттің құзырында болып келген. 

Yorumlar
Diğer Haberler