«Дайвинчик танысу» Telegram сервисіне тыйым салынды

276
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/2HltkQYls6wNFEIsCDMiTRIQI37oZeE1RYnAhbok.webp

Қазақстанда Telegram мессенджеріндегі танымал «Дайвинчик танысу» сервисінің қызметі заңсыз деп танылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Елде оған тыйым салынды. Тиісті шешімді Алматы қаласының Алатау аудандық соты аудан прокуратурасының талап арызы негізінде қабылдады. Сот шешіміне сәйкес, сервиске шектеу қоюға негізгі себептердің бірі – пайдаланушылардың жасын тексерудің тиісті тетіктерінің болмауы және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне төнетін қауіп.

Алатау аудандық прокуратурасының интернет кеңістігіне жүргізген мониторингі барысында аудиториясы миллиондаған пайдаланушыны қамтитын «Дайвинчик танысу» сервисі анықталған. Тексеру кезінде платформаға жас ерекшелігіне қатысты шектеусіз кіруге болатыны және кәмелетке толмағандардың сауалнамалары да орналастырылғаны анықталған.

Прокуратура сотқа берген арызында сервистің бақылаусыз жұмыс істеуі балалардың қауіпсіздігіне нақты қатер төндіретінін көрсеткен. Сот отырысында прокуратура өкілі платформа арқылы кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жасалған жағдайдың тіркелгенін де мәлімдеді. Тергеу материалдарына сәйкес, 2007 жылы туған кәмелетке толмаған қыз 2025 жылдың сәуірінде «Дайвинчик» арқылы күдіктімен танысып, кейін онымен жыныстық қатынасқа түскен.

Прокуратура бұл жағдайды платформаның кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстардың жасалуына қауіп төндіретінін дәлелдейтін факторлардың бірі ретінде келтірді. Сот шешімі орындау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілді. Оны іске асыру міндеті мәдениет және ақпарат министрлігіне және цифрлық даму министрлігіне жүктелген.

Yorumlar
Diğer Haberler