Новоресей портындағы cоңғы үш астық терминалы бір демде жұмысын тоқтатты

181
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/tkcWQ2mr9K7UHRC6uHknNykEs68Dz9KB1Oeqml3B.jpg

Новоресей портындағы Ресейдің ірі астық терминалдары қауіпсіздік шараларына байланысты жұмысын уақытша тоқтатты. Бұл туралы 13 тамызда терминалға иелік ететін «Дело» тобы өзінің сайтында және Telegram-арнасында хабарлады, деп жазады “Адырна”.

Новоресей портында орналасқан КСК терминалының жұмысы 13 тамыздан бастап уақытша тоқтатылды. Терминалды басқаратын «Дело» тобы шешімнің қызметкерлер мен инфрақұрылым қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданғанын хабарлады.

Компанияның мәліметінше, терминал автокөлік және теміржол көлігінен астық түсіруді, астықты теңіз кемелеріне тиеуді және басқа да операцияларды тоқтатты. Жұмыстың қашан қайта басталатыны әзірге айтылған жоқ.

КСК — Ресейдің Қара теңіз жағалауындағы ең ірі астық терминалдарының бірі. Оның астық жүктерін жылдық ауыстырып тиеу қуаты 10,5 млн тоннаға жетеді.

КСК-дан бір күн бұрын, 12 тамызда, Новоресей портындағы тағы екі ірі астық терминалы — Новоресей астық терминалы және Новоресей нан өнімдері комбинатының терминалы жұмысын тоқтатқан.

Reuters пен ресейлік БАҚ мәліметінше, екі терминалға түнгі ұшқышсыз аппараттар шабуылынан кейін зақым келген. Осыдан соң нысандардың жұмысы уақытша тоқтатылып, залалды бағалау басталған.

Новоресей астық терминалының жылдық өткізу қуаты шамамен 8,5 млн тонна, ал Новоресей нан өнімдері комбинатының  қуаты 7,1 млн тонна астықты құрайды.

Новоресей порты Ресейдің астық экспортындағы маңызды инфрақұрылымдық тораптардың бірі саналады. Сондықтан үш терминалдың қатарынан тоқтауы елдің астық экспорты мен порттағы логистикаға әсер етуі мүмкін.

Бұған қоса, 13 тамызда Ресей теміржолдары Новоресей және Новоресей-Экспорт станцияларына бағытталған жүк тасымалына 13-22 тамыз аралығында шектеу енгізді. Құжатта шектеудің нақты қандай жүк түрлеріне қатысты екені көрсетілмеген.

12 тамызға қараған түні Новоресей пен Краснодар өлкесіне жаппай ұшқышсыз аппараттар шабуылы жасалғаны хабарланды. Ресей билігі Новоресейде тұрғын үйлердің зақымданғанын және адам шығыны болғанын мәлімдеді.

Украина тарапы болса, Новоресейдегі әскери нысандарға шабуыл жасалғанын хабарлаған. Алайда астық терминалдарына қатысты нақты мәліметтер тараптардың мәлімдемелерінде әртүрлі сипатталады.

Қазіргі таңда Новоресей портындағы үш негізгі астық терминалы — жұмысын тоқтатып тұр. КСК-ның иесі операциялардың қашан қайта басталатынын кейінірек хабарлайтынын мәлімдеді.

Yorumlar
Diğer Haberler