Украина президенті Владимир Зеленский отырған ұшақ Молдовадан Норвегияға ұшып шығу кезінде дронмен соқтығыса жаздаған. Бұл туралы 9 қыркүйекте Норвегияның премьер-министрі Йонас Гар Стёре мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Оның айтуынша, Зеленскийдің ұшағы Молдовадан ұшар алдында дрон қаупіне байланысты кідіртілген. Кейін Норвегия премьер-министрінің кеңсесі Молдова әуе кеңістігінде дрондарға қатысты қауіп болғанын растады. Алайда дрондардың президент ұшағына қаншалықты жақын болғаны белгісіз.
DW басылымының дерегінше, Зеленскийдің ұшағы Кишинев әуежайында күтіп тұрған кезде Молдова әуе кеңістігіне ресейлік реактивті ұшқышсыз аппарат кірген. Осыған байланысты Украина президентінің рейсі кейінге шегеріліп, өзге де әуе рейстері уақытша тоқтатылған.
9 қыркүйекте Молдова полициясы құлаған дронның табылғанын хабарлады. Мәліметке сәйкес, жерге соғылған кезде жарылыс болып, үлкен шұңқыр пайда болған. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.
Владимир Зеленский 8 қыркүйек күні Ослоға Норвегия королі Харальд V-тің жерлеу рәсіміне қатысу үшін барған. Кейін ол Норвегия премьер-министрімен кездескен. Алайда тараптардың ресми хабарламасында дрон оқиғасы туралы айтылмаған.
