Қытай 45 сағатта төрт зымыран ұшырып, орбитаға 30 жерсерік шығарды

285
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/yRXHymXf7rweSqTH6KTAwS8wZJYunw37hCak513N.jpg

Қытай 15–17 қыркүйек аралығында небәрі 45 сағат ішінде төрт сәтті орбиталық ұшырылымды жүзеге асырды. Үш түрлі ғарыш айлағынан төрт зымыран көкке көтерілген, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі ixbt.com-ға сілтеме жасап.

БАҚ мәліметінше, зымырандардың екеуі жеке компанияларға тиесілі. Нәтижесінде орбитаға жалпы саны 30 жерсерік шығарылған.

Алғаш болып LandSpace компаниясының метан отынымен жұмыс істейтін Zhuque-2Eзымыраны ұшырылған. Ол Цзюцюань ғарыш айлағынан көтеріліп, төмен Жер орбитасына Qianfan кеңжолақты спутниктік жүйесінің он жерсерігін жеткізген. Болашақта бұл топтаманы шамамен 15 мың жұмыс істейтін аппаратқа дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Zhuque-2E сұйық метан мен сұйық оттегіні пайдаланады.

Сол күні жеке Orienspace компаниясының Gravity-1 зымыраны ғарышқа тағы тоғыз Qianfan жерсерігін ұшырған. Gravity-1 қазіргі уақытта әлемдегі ең қуатты қатты отынды зымырандардың бірі саналады.

Келесі кезекте мемлекеттік Long March-12 зымыраны Хайнань аралындағы Вэньчан ғарыш айлағынан ұшырылған. Ол орбитаға Қытайдың тағы бір кеңжолақты байланыс жүйесі – SatNetжобасына арналған тоғыз жерсерікті шығарған. Болашақта бұл жүйе төмен Жер орбитасындағы шамамен 13 мың аппараттан тұрады деп жоспарланған.

Ұшырылымдар сериясын Long March-12 зымыранынан шамамен екі сағат өткен соң Kuaizhou-11аяқтады. Ол Цзюцюань ғарыш айлағынан ұшырылып, Spacety компаниясының Жерді қашықтан зондтауға арналған екі радиолокациялық жерсерігін орбитаға жеткізген.

Төрт оператордың ешқайсысы зымыранның бірінші сатысын қайтаруға әрекет жасаған жоқ. Соған қарамастан Қытай қайта пайдаланылатын зымыран технологияларын белсенді түрде дамытып келеді. Соңғы екі жарым ай ішінде жеке LandSpace компаниясы орбиталық ұшырылымнан кейін Zhuque-3 зымыранының бірінші сатысын сәтті қондырса, мемлекеттік CASC корпорациясы Long March-10B зымыранымен осындай нәтижеге қол жеткізген.

Yorumlar
Diğer Haberler