Министр жаттығуда қаза тапқан сарбаздардың отбасына барды

224
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/9gFxZbLQnqwNx01SJsTw0DoAjVEw3MNN7tUGqrit.webp

Қазақстанның қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына барды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Министр марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, олардың қайғысына ортақ екенін жеткізді.

«Олар біз үшін жай ғана әскери қызметкерлер емес – біздің қаруластарымыз, ұлдарымыз бен бауырларымыз. Олардың қазасы – барша қарулы күштер үшін орны толмас ауыр қаза. Біз туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, осы қиын кезеңде олармен бірге боламыз», – деді Дәурен Қосанов.

Қаза тапқан әскери қызметшілердің арасында Мейрамбек Бердіханов, Азамат Мәдіхан және Дастан Бегей бар. Олар Жаңаөзен қаласынан, ал Мирас Тұрдыбекұлы Жетібай ауылынан мерзімді әскери қызметке шақырылған.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскери қызметшілер қызмет барысында өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарып, тәртіпті сарбаз ретінде танылған.

Дәурен Қосанов марқұмдардың отбасыларына қажетті көмек көрсетілетінін айтты. Қорғаныс министрлігі қаза болғандардың жақындарына жан-жақты қолдау көрсетіп, туындаған мәселелерді шешуге жәрдемдеседі. Ведомство отбасылармен тұрақты байланыста болады.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, қатты жел соққан. Соның салдарынан 17 әскери қызметші теңізге түсіп кеткен. Алғашқы мәлімет бойынша, он төрт әскери қызметшінің қаза болғаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланды.

Yorumlar
Diğer Haberler