Буын ауруы неге жасарып барады? Қытай медицинасы маманының пікірі

462
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/S0Bo4fGuoNo4R062kxxrCLq49ALoAitWVImCp5he.jpg

Буын, бел, мойын және арқа аурулары бүгінде тек егде жастағы адамдарға тән мәселе емес. Қимыл-қозғалыстың азаюы, ұзақ уақыт бойы компьютер мен телефон алдында отыру, дұрыс тамақтанбау және күнделікті әдеттердің өзгеруі жастар арасында да түрлі шағымдардың пайда болуына себеп болып отыр. Бұл туралы Қытай медицинасы саласында білім алған маман Ерлан Өрлеубайұлы айтып берді.

Қытайдан Қазақстанға дейінгі жол

Ерлан Өрлеубайұлы 1989 жылы Қытайдың Күнес ауданында дүниеге келген. Оның айтуынша, 2009-2018 жылдар аралығында медицина саласында білім алып, кейін емдеу бағытында тәжірибе жинақтаған.

«2018 жылдан бастап өз алдыма осы бағытта жұмыс істей бастадым. Адамдарды емдеумен қатар, шәкірт тәрбиелеп келемін. Қытайда 200-ден астам шәкіртім бар», – дейді маман.

Қазақстанға 2024 жылдың наурыз айында келген Ерлан Өрлеубайұлы қазіргі уақытта мұнда да өз орталығын ашып, жұмысын жалғастырып келеді. Сонымен қатар әлеуметтік желілер арқылы халықпен байланысып, TikTok пен Instagram платформаларында тікелей эфирлер өткізеді.

Мойын, бел, арқа және тізе аурулары жиілеген

Маманның айтуынша, орталыққа көбіне мойын, арқа, бел және тізе ауруларына байланысты шағымданатын адамдар келеді. Олардың қатарында артроз, артрит, омыртқааралық жарық (грыжа) секілді диагноздармен келгендер де бар.

«Буын ауруларының түрі көп. Мойын, арқа, бел, тізе – әрқайсысының өзіндік мәселесі бар. Мысалы, белдегі мәселелер жүйке қысылуына байланысты аяққа әсер етуі мүмкін. Ал мойын аймағындағы ауырсыну бас ауруы, қолдың ұюы немесе қозғалыстың шектелуі сияқты шағымдармен қатар жүруі мүмкін», – дейді ол.

Ерлан Өрлеубайұлы әсіресе қазіргі жастар арасында мойын мен арқаға қатысты шағымдардың көбейгенін атап өтті. Оның пікірінше, бұған телефон мен компьютерді ұзақ уақыт пайдалану, қозғалыстың аздығы және денені дұрыс ұстамау сияқты факторлар әсер етуі мүмкін.

«Буын аурулары жасарып барады»

Маманның айтуынша, бұрын буын және омыртқа мәселелері көбіне ауыр физикалық еңбекпен, жарақатпен немесе соққымен байланысты болса, қазіргі уақытта аурулардың себептері өзгеріп келеді.

«Қазіргі адамдардың көпшілігі ауыр физикалық жұмыс істемейді. Керісінше, ұзақ уақыт отырады. Бұлшықеттің әлсіздігі, дұрыс отырмау, қозғалыстың аздығы аурудың пайда болуына әсер етеді», – дейді ол.

Оның сөзінше, адамның күнделікті әдеттері де маңызды. Бір аяқты айқастырып ұзақ отыру, денені бір жаққа қисайтып жату, телефонға үңіліп отыру сияқты әрекеттер уақыт өте келе тірек-қимыл жүйесіне салмақ түсіруі мүмкін.

Маман балалар мен жасөспірімдер арасында да мұндай мәселелердің кездесетінін айтты.

«Мен емдеген ең кішкентай бел ауруы бар бала сегіз жаста болды. Ал тізе ауруына байланысты келген ең кішкентай науқасым 13 жаста еді. Ол 50 метр де жүгіре алмайтын. Бұл – аурулардың жасарып бара жатқанын көрсетеді», – дейді Ерлан Өрлеубайұлы.

Тамақтану мен күн тәртібінің маңызы

Маман денсаулыққа әсер ететін факторлардың бірі ретінде тамақтану тәртібін де атап өтті. Оның айтуынша, әсіресе жастар арасында тамақты уақытында ішпеу және пайдалы тағамдарды талғамай жеу әдеті кездеседі.

«Адам уақытында тамақтанбаса немесе дұрыс тамақтанбаса, ағзаның қуаты төмендейді. Қан құрамына байланысты мәселелер де болуы мүмкін. Сондықтан тамақтану тәртібі мен күнделікті режимге көңіл бөлу керек», – дейді ол.

Дегенмен мұндай белгілердің нақты себебін анықтау үшін медициналық тексеруден өту маңызды. Бел, мойын немесе буынның ұзақ уақыт ауырсынуын өздігінен емдеуге тырыспай, тиісті дәрігерге қаралған жөн.

Қытай медицинасының үш тәсілі

Ерлан Өрлеубайұлы өз тәжірибесінде Қытай медицинасына негізделген бірнеше тәсілді қолданатынын айтты. Оның сөзінше, негізгі бағыттары – емдік массаж, сүйек-буын аймағындағы мануалды тәсілдер және ине терапиясы.

Бірінші тәсіл – бұлшықеттермен жұмыс істеуге бағытталған емдік массаж. Маманның түсіндіруінше, бұл әдіс арқылы бұлшықеттердің керілуі мен қозғалысына көңіл бөлінеді.

Екінші бағыт – омыртқа мен буындарға арналған мануалды тәсілдер. Ол халық арасында «сүйек орнына түсуі» деген түсінік жиі кездесетінін айтып, мұндай жағдайларды ғылыми тұрғыдан дұрыс түсіну қажеттігін атап өтті.

Үшінші әдіс – ине терапиясы. Қытай медицинасының дәстүрлі түсінігінде адам ағзасындағы арнайы энергетикалық жолдарға әсер ету арқылы ағзаның өзін-өзі қалпына келтіру мүмкіндігін қолдау көзделеді.

Маман бұл тәсілдердің барлығын адамның жағдайына қарай қолданатынын айтады.

«Ауруды асқындырмай, ерте тексерілген дұрыс»

Ерлан Өрлеубайұлының айтуынша, адамдардың жиі жіберетін қателіктерінің бірі – аурудың алғашқы белгілеріне мән бермеу.

«Көп жағдайда адам ауруын бірден емдетуге бармайды. Ауырсыну күшейіп, жағдай қиындаған кезде ғана маманға келеді. Ал ауруды неғұрлым ерте байқасаңыз, соғұрлым ерте тексеріліп, тиісті ем алу керек», – дейді ол.

Маман өз мүмкіндігінің шегін де атап өтті. Оның айтуынша, кез келген ауруды бір ғана әдіспен емдеу мүмкін емес және ауыр жағдайларда арнайы медициналық көмек қажет болуы мүмкін.

«Біз барлық ауруды емдейміз деп айта алмаймыз. Біздің шамамыз жететін жеңіл және орташа дәрежедегі жағдайлармен жұмыс істейміз. Ал асқынып кеткен немесе күрделі жағдайларда басқа медициналық көмектің қажет болуы мүмкін», – дейді ол.

Денсаулыққа күнделікті көңіл бөлу маңызды

Маманның айтуынша, қазіргі қоғамда денсаулыққа тек ауырған кезде емес, күнделікті өмірде де көңіл бөлу қажет. Қозғалыс, дұрыс отыру, жұмыс пен демалыс тәртібін сақтау және уақытылы медициналық тексеруден өту – тірек-қимыл жүйесіне түсетін салмақты азайтудың маңызды бөліктері.

Буын мен омыртқа ауруларының алдын алу үшін нақты себепті анықтау маңызды. Себебі бірдей белгі әр адамда әртүрлі жағдайдан туындауы мүмкін. Сондықтан ұзаққа созылған ауырсыну, қол-аяқтың ұюы, қозғалыстың шектелуі сияқты белгілер байқалса, өздігінен ем қабылдамай, дәрігерге қаралған жөн.

Гүлбаршын Нұрхан

Yorumlar
Diğer Haberler