Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы тағайындалды

119
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/CL56xdCJGdykMPDJKML1r0eMWIUHNV7Zz0Zi67AX.jpg

Мемлекет басшысының өкімімен Саят Исанов Қазақстан Қарулы Күштері Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Саят Исанов бұған дейін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Арнайы операциялар күштері қолбасшысының орынбасары, подполковник қызметін атқарған. Сонымен қатар, БАҚ-та оның 2025 жылы республикалық жарыстарды ұйымдастыруға және оларға бас төрешілік етуге қатысқаны туралы ақпарат бар. 

Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы 2022 жылғы қаңтарда Президент жарлығымен құрылған. Оның негізгі міндеттері – елдің қорғаныс қабілеті мен әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету, терроризмге қарсы операцияларға қатысу және заңсыз қарулы құрылымдарға қарсы іс-қимыл жасау.

2024 жылғы қаңтардан 2026 жылғы қазанға дейін бұл құрылымды Айдос Мырзахметов басқарды. 27 қыркүйекте ол Қазақстанның қорғаныс министрі болып тағайындалды. Ол бұл қызметте Дәурен Қосановтың орнына келді.

Қорғаныс саласында қыркүйек соңында болған қайғылы оқиғадан соң бірқатар кадрлық өзгеріс болды. 3 қазан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы Қаныш Әбубәкіровті, қорғаныс министрінің орынбасары Алмаз Жұмакеевті және әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Қанат Ниязбековті қызметтерінен босатты.

Кейін Қанат Ниязбеков Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына қатысты қылмыстық іс аясында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұған дейін оның бірінші орынбасары да тергеуге алынған.

Бұдан бөлек, Президент тапсырмасымен қорғаныс министрлігінің қызметін тексеру жөніндегі комиссия құрылған. Тексерудің алғашқы кезеңінде мемлекеттік мүлікті жымқыруы мүмкін деген күдік, қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану және басқа да заңбұзушылықтар бойынша 13 қылмыстық іс қозғалған.

Yorumlar
Diğer Haberler