ҚМА Перизат Қайраттың туыстарының мүлкіне қатысты мәлімдеме жасады

165
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/wxuVGeCyA8vIl2ZfdKwwAn8zdxqTuMsKGd1A6rdt.jpg

Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайраттың туыстары қылмыстық жолмен алынған ақшаға Дубайдан бірнеше пәтер сатып алды деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Бұған дейін анонимді Telegram-арналарының бірінде сотталған Перизат Қайраттың туыстарының Дубайда бірнеше пәтері бар екені туралы ақпарат жарияланған.

Агенттік мәліметінше, тергеу барысында барлық қаржылық операция жан-жақты талданып, жымқырылған қаражатты заңдастыру тізбегі анықталған. Перизат Қайрат қайырымдылыққа жиналған ақшаны автокөліктер мен пәтерлер сатып алуға, оларды жөндеуге және жиһазбен жабдықтауға, қымбат киім-кешек пен әшекей бұйымдарға, бизнес-класпен ұшуға, сәнді қонақүйлерде тұруға, мейрамханалар мен ойын-сауық орындарына жұмсаған.

Сонымен қатар агенттік А. есімді азаматтың отбасы мүшелерімен қандай да бір қаржылық есеп айырысу жүргізілгені анықталмағанын хабарлады. Жарияланымдарда сөз болған жылжымайтын мүлік 2011–2019 жылдары, яғни «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры құрылғанға және Перизат Қайрат қылмыстық әрекетке барғанға дейін сатып алынған.

Ведомствоның мәліметінше, А. ерлі-зайыптылары 20 жылдан астам уақыт бойы жылжымайтын мүлік сатып алу және қайта сатумен айналысып келеді. Олар Перизат Қайрат пен оның анасынан бөлек тұрып, кәсіпкерлік қызметін де дербес жүргізген.

Агенттік Қылмыстық-процестік кодекстің 161-бабына сәйкес, мүлікті бұғаттау мен тәркілеуге оның қылмыстық жолмен алынғанын растайтын дәлелдер болған жағдайда ғана жол берілетінін еске салды. Сондай-ақ күдіктілермен туыстық байланысының болуы өздігінен адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуға немесе оның мүлкін тәркілеуге негіз бола алмайтынын атап өтті.

Еске салайық, 2025 жылғы 25 шілдеде сот Перизат Қайратты 10 жылға, ал оның анасы Ғайни Алашбаеваны 7 жылға бас бостандығынан айырған еді. «Biz Birgemiz» қоғамдық қорының бұрынғы басшысы адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны және қылмыстық жолмен алынған ақша мен өзге де мүлікті заңдастырғаны (жылыстатқаны) үшін кінәлі деп танылған.

Yorumlar
Diğer Haberler