Ресейде жапондық журналист "тыңшылық" күдігімен қамауға алынды

220
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/jN39ZYWH9fVPyHnoNhZ32bzI2WNCgjQ8mXKfaEBL.jpg

13 қазанда Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФҚҚ) Сахалин облысында жапондық «Хоккайдо Симбун» газетінің тілшісін ұстағанын айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Арнайы қызметтің Қоғаммен байланыс орталығының мәліметінше, журналист Ресейдің қорғаныс қабілетіне қатысты ақпарат жинаған және оған тыңшылық жасады деген айып тағылған.

ФҚҚ жариялаған бейнежазбада бетперде киген қызметкерлердің қонақүй бөлмесіне басып кіріп, ер адамды еденге жатқызып, қолына кісен салғаны көрсетілген.

Ұсталған журналист Мәскеуге жеткізілген. Мәскеудегі Лефортово соты оны кемінде екі айға қамауға алуға санкция берген. Күдіктінің нақты қай күні ұсталғаны және сот отырысының қашан өткені белгісіз. Тағылған айыптар бойынша 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Арнайы қызмет қамауға алынған адамның жеке басын жарияламады. Алайда «Интерфакс» агенттігі оның есімі Имаи Юки екенін хабарлады. Ол Мәскеудегі «Лефортово» тергеу изоляторында қамауда болады деп күтілуде.

ФҚҚ таратқан бейнежазбада арнайы қызмет өкілі жапондық журналист өз елінің барлау қызметінің тапсырмасын орындағанын айтады. Мәлімдемеге сәйкес, ол Куриль аралдарының тұрғындары арасынан Украинаға қарсы соғысқа жұмылдырылғандар мен еріктілердің саны туралы мәліметтер жинап, сақтаған.

«Хоккайдо Симбун» газетінің тілшісінің ұсталуына қатысты Токионың реакциясы әзірге жарияланған жоқ.

Соңғы жылдары Ресей билігі «достық пейіл танытпайтын» елдердің бірнеше азаматын ұстап, оларды Батыс арнайы қызметтерінің мүддесіне жұмыс істеді деп айыптаған.

Мәскеу мен Токио Тынық мұхитындағы аралдар тобының мәртебесіне қатысты аумақтық дауды ондаған жыл бойы жалғастырып келеді. Аралдар Жапонияның солтүстік-шығыс жағалауына жақын, ал Ресейдің Сахалин аралының оңтүстік-батысында орналасқан.

Жапонияда «Солтүстік аумақтар» деп аталатын Куриль аралдары Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бері Ресейдің бақылауында. Сол кезде бұл аралдарды Кеңес Одағы басып алған.

Yorumlar
Diğer Haberler