Ақтауда Республика күніне орай домбырашылар флешмобы өтті

156
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/OWikOfXEyRJLdTA5jbCR5DdY7EmF7GZfFURUDA3I.jpg

Республика күніне орай Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Қос перне» домбырашылар ансамблінің қатысуымен «SAYAPARK» ойын-сауық кешенінде «Ұлт рухы – домбыра үні» атты домбырашылар флешмобы өтті.

Ұлттық өнерді ұлықтауға бағытталған тағылымды шараға 100-ге жуық домбырашы қатысып, қазақтың күй өнеріне деген құрметін күй тілімен жеткізді. Домбыраның қос ішегінен төгілген әуендер сауда-ойын-сауық кешеніне жиналған қала тұрғындары мен ата-аналарға ерекше көңіл күй сыйлап, ұлттық мәдениеттің құдіретін тағы бірмәрте сезіндірді.

Флешмоб барысында қазақтың дәстүрлі күйөнерінің інжу-маржандары орындалды. Атап айтқанда, халық күйлері «Жастар биі», «Келіншек», «Кеңес», «Тепеңкөк», Нұрғиса Тілендиевтің «Ататолғауы», Әбдімомын Желдібаевтың «Еркесылқымы» және Құрманғазы Сағырбайұлының«Адай» күйі шырқалды.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен ішкі саясаттың негізгі қағидаттарының бірі – «Адал азамат» қағидаты ұлттық құндылықтарды дәріптеуді, отаншылдық пен жауапкершілікті қалыптастыруды көздейді. Осы тұрғыда домбырашылар флешмобы жас ұрпақтың ұлттық мәдени мұраға құрметін арттырып, қазақ өнерін сақтау мен оны келер ұрпаққа жеткізуге деген жауапкершілігін нығайтуға бағытталған мәдени бастама болып табылады.

Yorumlar
Diğer Haberler