Отадан зардап шеккен әйелге өтемақы төленеді

233
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/aN2jUk1tiawF1pHT2PYv7I8v4RTs1Lojs0k9q7eH.jpg

Ақтауда сәтсіз жасалған пластикалық операциядан зардап шеккен әйелдің дәрігерге қарсы талап-арызы ішінара қанағаттандырылды, деп хабарлайды "Адырна".

Сот шешімімен хирург пациентке моральдық зиян үшін 3 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.

Lada.kz дерегінше, сот материалдарына сәйкес, пластикалық операция 2022 жылдың маусымында жасалған. Әйелдің айтуынша, хирургиялық араласудан кейін оның бетінде келоидты тыртықтар пайда болып, жұмсақ тіндерінің жағдайы нашарлаған. Алғашқы емдеу шаралары нәтиже бермеген соң, ол басқа мамандардың көмегіне жүгінген.

2025 жылы науқас Алматыда қайтадан түзету операциясын жасатқан. Алайда одан кейін бет жүйкесі зақымданып, жұмсақ тіндердің деформациясы пайда болған. Әйел ұзақ уақыт бойы физикалық жайсыздық пен моральдық қиындықтарға тап болғанын мәлімдеген.

Бастапқыда талап қоюшы дәрігерден материалдық шығын үшін 20 миллион теңге, ал моральдық зиян үшін 10 миллион теңге өндіріп алуды сұраған.

Ақтау қаласының №2 соты істі қарау барысында материалдық шығынды өтеу туралы талапты қанағаттандырмады. Себебі пациент кейінгі емделуге жұмсаған барлық шығынын құжаттармен растай алмаған.

Сонымен қатар сот сараптамалары сапасыз медициналық қызметтің салдарынан денсаулыққа зиян келіп, моральдық зардап шеккенін растаған. Осыған байланысты сот талап-арызды ішінара қанағаттандырып, дәрігерден әйелдің пайдасына 3 миллион теңге моральдық зиян өтемақысын өндіріп алу туралы шешім шығарды.

Сот шешімі заңды күшіне енген.

Yorumlar
Diğer Haberler