Әлем жұртшылығы аласапыран кезеңде өмір сүріп жатыр – Тоқаев

232
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/d5nkp7mTC0G9MQlSq73LDn52E6dM5RiXM65BP11W.webp

Бүгін, 28 қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап жатыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Бұл жолдаудың мәні де, мазмұны да айрықша. 25 қазанда ұлттық мерекеміз – Республика күнін атап өттік. Осы күні Егемендік туралы декларация қабылданды. Біз дербес ел болу жолында батыл қадам жасадық. Көп ұзамай Тәуелсіздік туын биікке көтеріп, елдігіміздің іргесін бекіттік.

 Міне, биыл қасиетті Тәуелсіздігімізге 35 жыл толып жатыр. Бұл тарихи меженің ұлт шежіресінде алатын орны бөлек.

 Биыл наурыз айында халқымыз мемлекеттігіміздің негізгі тірегін – Конституциямызды қабылдады. Бұл тұтас еліміз үшін тарихи мән-мағынасы терең оқиға болды. Конституцияны бірнеше ұрпақтар арасындағы қастерлі келісім деп атауға болады. Өйткені Конституцияда Қазақстанның қазіргі бітім-болмысы мен болашақтағы бейнесі нақты айқындалды.

 Жұртымыз жарқын болашаққа бастайтын ауқымды жұмысты атқаруға белсенді түрде кірісті. Ел өміріндегі тарихи өзгерістердің барлығы халықтың көз алдында болып жатыр. Бұл мәселе аса маңызды болса да, көп сөз айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын»,– деді ол.

Президент өз сөзінде Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін қорғауға қатысты бірқатар мәселе әлі де толық шешілмегенін атап өтті.

«Ашығын айтсақ, бүгінде тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді қорғауға қатысты барлық мәселе әлі толықтай шешімін тапқан жоқ. Бұл – алдымызда көптеген өзекті міндет тұр деген сөз. Жұмысты ойдағыдай орындау үшін, ең алдымен, бүкіл қоғамымыз тату болуы керек. Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа және ілгерілеу болмайтыны айдан анық», – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі геосаяси ахуалдың күрделене түскеніне назар аударып, жаһандық сын-қатерлер жағдайында қоғамда тәртіп пен жауапкершілікті күшейту қажеттігін жеткізді.

Президенттің айтуынша, әлем елдері арасындағы өзара сенім дағдарысы тереңдеп, халықаралық құқықтың беделі төмендеген. Сонымен қатар бақылаусыз көші-қон ағындарының артуы бірқатар еуропалық мемлекеттің қауіпсіздігіне кері әсерін тигізген.

«Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделі үлкен тоқырауға ұшырады. Халықаралық құқықтың құндылығы төмендеп кетті. Қысқасы, қазіргі әлем бұлыңғыр дәуірге аяқ басты, оның келешегі қандай болатыны туралы саясаткерлер мен сарапшылар арасында біртұтас пікір жоқ», – деді президент.

Мемлекет басшысы әлемдегі қазіргі тұрақсыздық пен белгісіздік деңгейі бұрын-соңды болмаған сипат алғанын атап өтті.

«Күллі әлем жұртшылығы аласапыран кезеңде өмір сүріп жатыр десек, артық болмас. Мұндай күрделі, болжамсыз ахуал «қырғи-қабақ соғыс» кезінде де болмаған еді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Yorumlar
Diğer Haberler