Алматыда сақ дәуіріне жататын бірегей алтын әшекей табылды

161
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/aeY6AzCd0u7korUdydqMuvdGs7qVrb1UVbaGv3r4.jpg

Алматыдағы Қарағайлы қорымында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде сақ дәуіріне жататын аю бейнесіндегі алтын мүсінше мен бірнеше адамның сүйегі табылды. Бұл туралы қала әкімдігі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ғалымдардың болжамынша, бұл жәдігер бас киімді әшекейлеуге арналған. Алдын ала зерттеу нәтижелері қорымның б.з.д. IV–III ғасырларға жататынын көрсетеді.

Зерттеу барысында диаметрі 25–26 метр, биіктігі шамамен 2,5 метр болатын обадан көптеген адам сүйегі анықталған. Алдын ала болжам бойынша, мұнда төрт ересек адам мен үш бала жерленген болуы мүмкін. Дегенмен жерленген адамдардың нақты саны әлі анықталған жоқ.

Археологтер адам сүйектерінен бөлек, сақ дәуіріне тән қыш ыдыстардың сынықтарын да тапқан. Мамандардың мәліметінше, оба ежелгі заманда тоналған. Тонаушылар қазған шұңқырдың көлемі шамамен 3 метрді құрайды. Соның салдарынан жәдігерлердің басым бөлігі бастапқы орнынан қозғалып, ретсіз шашылып қалған.

Қазба жұмыстары кезінде табылған ең құнды олжалардың бірі – аю бейнесінде құйылған шағын алтын мүсінше. Ғалымдардың пайымдауынша, ол бас киімге сәндік элемент ретінде тағылған. Бұйымдағы арнайы тесіктер оның матаға тігіліп бекітілгенін аңғартады.

Мұндай әшекейлер сақ дәуіріндегі киім үлгілеріне тән. Бұған дейін де Қазақстан аумағынан осыған ұқсас жәдігерлер табылған. Мәселен, «Алтын адамның» бас киімінен арқар бейнесіндегі алтын әшекей анықталса, 2014 жылы Көкқайнар қорымынан барыс мүсіншесі табылған.

«Қарағайлы қорымындағы зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жерлеу рәсімінің ерекшеліктерін нақтылау және жерленген адамдардың санын анықтау үшін қосымша ғылыми талдаулар жүргізу жоспарланған. Бұл жұмысқа антрополог мамандар да тартылады. Бір обадан адам сүйектерінің әдеттен тыс көп табылуы ерекше қызығушылық тудырып отыр. Өйткені мұндай жерлеу орындары Қазақстан аумағында сирек кездеседі. Әдетте осындай көлемдегі обаларға бір немесе екі адам жерленген», – дейді Алматы қаласы музейлер бірлестігінің аға ғылыми қызметкері Марат Мұғалұлы Нұрпейісов.

Ал бірлестік директоры Ләззат Құдайбергенқызы Сағындықованың айтуынша, аю бейнесіндегі алтын мүсінше – Қазақстан үшін бірегей жәдігер.

«Бұған дейін елімізде мұндай олжа кездеспеген. Бұл жаңалық Қара теңіз маңынан Алтайға дейінгі Еуразия кеңістігіндегі мәдени байланыстар мен ұқсастықтарды зерттеуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Археологиялық зерттеулер толық аяқталып, табылған жәдігерлерге ғылыми өңдеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін оларды Алматы музейінің экспозициясына енгізіп, көпшілік назарына ұсыну жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Алматы қаласы музейлер бірлестігі 2022 жылы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге арнайы лицензия алып, қала аумағында дербес ғылыми-зерттеу қызметін бастаған. Сол жылы Алатау ауданындағы ерте темір дәуіріне жататын обадан б.з.д. V–II ғасырларға тиесілі сақ жауынгерінің тоналмаған жерлеу орны табылған. Қазба кезінде алтынмен безендірілген қылыш бөліктері, аң стиліндегі алтын әшекейлер, күміс бұйымдар мен адам сүйектері анықталды.

2024 жылы Алатау ауданындағы тағы бір обаны зерттеу барысында адам сүйектерінің бөліктері, қоладан жасалған бекіткіштер мен шегелер табылған. Ал «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінде Италия мен Франция мамандарының қатысуымен геофизикалық зерттеулер жүргізілген. Бұл жұмыстар археологиялық ескерткіштердің жер астындағы құрылымын заманауи әдістермен зерттеуге мүмкіндік берген.

2025 жылы ерте темір дәуіріне жататын обалардың бірінен ежелгі тонаушылар қазған жерасты жолы анықталған. Мамандар ескерткіштің құрылымын, бүліну сипаты мен сақталу деңгейін жан-жақты зерттеген.

Yorumlar
Diğer Haberler