Қара теңіздің астымен электр желісі тартылуы мүмкін. 4 ел ірі жобаны талқылап жатыр

155
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/0TFPVcraXawfD4NJLlurX763UxwsUm7bgnLDerpA.jpg

Фото: AFP 2024 / JEAN-SEBASTIEN EVRARD

Түркия, Әзербайжан, Болгария және Грузия Қара теңіздің түбімен суасты электр жеткізу желісін тарту жобасын талқылап жатыр. Бұл туралы Түркияның энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактар мәлімдеді, деп “Адырна” ұлттық порталы Anadolu Ajansı басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Министр Түркия, Әзербайжан, Болгария және Грузия үкіметтері арасында таза энергетика саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылуына қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, қол қойылған құжат аясында Грузия, Әзербайжан және Болгариямен бірлесіп ауқымды «жасыл энергетикалық дәліз» құру жоспарланып отыр. Сонымен қатар аталған елдермен және Румыниямен Қара теңіздің түбі арқылы электр жеткізу желісін салу мәселесі де талқылануда.

«Бізге электр энергиясының үлкен көлемін шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке жеткізуді қамтамасыз ету қажет», – деді Алпарслан Байрактар.

Министр Түркияның энергетикалық интеграцияға бағытталған ірі жобалар бойынша басқа да бірқатар мемлекетпен келіссөз жүргізіп жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ Анкара COP31 халықаралық климаттық конференциясын осы бастамаларды әлемдік деңгейде ілгерілету және нақты жобаларды жүзеге асыру үшін пайдалануды көздеп отыр.

«Бүгін осы келісімге қол қою арқылы біз осы бағыттағы міндеттемелеріміздің бірін орындадық. Бұл жобалар Түркияның 2040 жылға дейінгі энергетикалық стратегиясы мен электрлендіру мақсаттары аясында қандай нақты қадамдар жасап жатқанын, сондай-ақ жаһандық энергетикалық көшуге қалай үлес қосатынын көрсетеді», – деді министр.

Сонымен бірге Байрактар энергетикалық трансформацияны жүзеге асыру үшін шамамен 300 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция қажет болатынын айтты.

Оның сөзінше, бұл қаражат алдағы 14–15 жыл ішінде тартылуы тиіс. Осыған байланысты Дүниежүзілік банк, Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC), Еуропалық қайта құру және даму банкі сияқты халықаралық қаржы институттарының қолдауы маңызды.

Бұдан бөлек, Түркияға тікелей шетелдік инвестиция тарту қажеттігі де айтылды.

Министр Түркияға инвестиция салуды жоспарлап отырған компанияларға елдің әлеуеті жоғары әрі қарқынды дамып келе жатқан нарық екенін жеткізді. Оның айтуынша, ел халқының саны өсіп, урбанизация үдерісі жалғасуда, экономика дамып, экспорт көлемі артып келеді.

Айта кетейік, бұған дейін Грузияның вице-премьері, экономика және тұрақты даму министрі Мариам Квривишвили мұндай энергетикалық ынтымақтастық аймақтың энергетика саласын дамытуға және Еуропалық одақ елдеріне электр энергиясын жеткізу көлемін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынын мәлімдеген болатын.

Yorumlar
Diğer Haberler