Алаштың антропологы. Академик Оразақ Смағұлов дүниеден өтті

290
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/AVWvrfqo3iewcfac4G3kGrWYrOP8LZNMWFnKYhRj.png

Бүгін көрнекті ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Оразақ Смағұлов 96 жасқа қараған шағында дүниеден өтті, деп хабарлайды “Адырна”.

Ол отандық антропология ғылымының қалыптасуы мен дамуына, қазақ халқының антропологиялық тарихын зерттеуге зор үлес қосты.

Антрополог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Оразақ Смағұлов 1930 жылғы 1 қазанда Қостанай облысы Меңдіқара ауданының Ұялысай ауылында дүниеге келген. 1950 жылы Меңдіқара педагогикалық училищесін, 1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген. Кейін антропология саласы бойынша Мәскеуде кәсіби даярлықтан өтіп, 1963 жылы кандидаттық, 1984 жылы докторлық диссертациясын қорғады.

Ғалымның еңбек жолы 1958 жылы басталды. 1961 жылдан бастап Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында қызмет атқарды. 1973 жылы Қазақстандағы алғашқы этностық антропология зертханасын ұйымдастырды. Әр жылдары Орталық мемлекеттік музейде, Тәуелсіздік сарайында және Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде ғылыми қызметін жалғастырды.

Оразақ Смағұловтың ғылыми еңбектері қазақ халқының антропологиялық тарихын, этногенезін, этникалық қалыптасуы мен тарихи сабақтастығын зерттеуге арналды. Ол палеоантропология, краниология, соматология, одонтология және дерматоглифика салаларында іргелі зерттеулер жүргізді. Сондай-ақ Отырар, Көк-Мардан, Құйрықтөбе, Мардан-Күйік секілді тарихи ескерткіштерден табылған антропологиялық материалдарды зерделеуге атсалысты. Тарихи тұлғалардың антропологиялық бейнесін қалпына келтіру бағытында да еңбек етті.

Ғалымның ғылымға сіңірген еңбегі жоғары бағаланды. 1991 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. 1994 жылы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ал 2004 жылы академигі болып сайланды. 1998 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері атағын алды. 2010 жылы «Құрмет» орденімен, 2019 жылы Халықаралық Түркі академиясының «Алтын Жұлдыз» медалімен марапатталды.

Yorumlar
Diğer Haberler