Алматыда жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін ХҚКО ашылды

83
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/4hFX7xqaPUMUwlVOo6sftJf12JZPzYe8oljUIhkV.jpg

Алматыда жасанды интеллект пен цифрлық сервистер арқылы мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған жаңа форматтағы Халыққа қызмет көрсету орталығы іске қосылды, деп хабарлайды "Адырна".

AI-ХҚКО деп аталатын орталықта тұрғындар бірқатар қызметті өз бетінше алып, цифрлық технологияларды қолдануды тегін үйрене алады.

Жоба Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры мен Halyk Bank қолдауымен жүзеге асырылды.

Жаңа орталықта жедел қызмет көрсету, цифрлық сервистерді пайдалану, кеңес алу, оқыту және демалыс аймақтары қарастырылған. Сондай-ақ жеке куәлік пен паспорт рәсімдеуге өтінішті өз бетінше беруге мүмкіндік беретін құжаттандыру терминалы орнатылған. Оның көмегімен өтінішті бірнеше минут ішінде жолдауға болады.

Орталық жұмысы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектке негізделгенімен, келушілер мамандардың көмегіне жүгіне алады. Қызметкерлер сервистерді пайдалануды түсіндіріп, мемлекеттік қызметтерге қатысты сұрақтарға кеңес береді.

Мұнда тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға да басымдық берілген. Арнайы жабдықталған оқу аймақтарында азаматтар электронды үкімет порталын және басқа да цифрлық құралдарды қолдануды тегін үйренеді. Сабақтар сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін өтеді.

Halyk қайырымдылық қорының бас директоры Сағынбек Шүнкеевтің айтуынша, орталықты жөндеу мен жабдықтауға қор мен Halyk Bank бірлесіп 150 миллион теңге бөлген. Ал қордың GR бағытының жетекшісі Дамир Иралимов цифрландырудың басты мақсаты жаңа технологияларды енгізу ғана емес, азаматтардың күнделікті өмірін жеңілдету екенін атап өтті.

Оның мәліметінше, қазір Halyk Bank 11 миллионнан астам клиентке қызмет көрсетеді. Ал мобильді қосымшаны ай сайын шамамен 8,6 миллион адам пайдаланады. Қосымшада анықтама алу, цифрлық құжаттарды пайдалану, бизнес тіркеу, салық төлеу және медициналық қызметтерді алу сияқты 84-тен астам мемлекеттік қызмет қолжетімді.

Yorumlar
Diğer Haberler