"Қазақтың қазаққа қадірі артқанда ұлттың ғұмыры ұзарады". Антропология абызының қоштасуы

241
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/FC8hCrgU0VbczvQ6uwjoWM6ehzPnV2IT7MY4EWfT.webp

Бүгін, 25 қарашада Алматы тұрғындары қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұлды соңғы сапарына аттандырды. Бұл туралы баспагер Бақытжан Бұқарбай айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол әлем мойындаған ғұлама өмірден өтерінен бір күн бұрын туған халқына соңғы тілегін жеткізген. Аталған аманатты бүгінгі асында Бақытжан Бұқарбай көпшілікке жария етті.

«Қымбатты халқым! Сенімен қоштасатын уақыт та келді. Құдай маған ұзақ ғұмыр бұйыртты. Сенің басыңнан өткен қайғы-қасіретті де, қуанышты да бірге көрдім. Азаттығыңды көру бақытына ие болдым. Бар саналы ғұмырымды өзіңе қызмет етуге арнадым. Өткен өміріме өкінбеймін.

Ендігі бар тілегім – сенің бақытың, халқым! Менің буыным көрген азапты сенің келешек ұрпағың көрмесін. Қазақтың бірде-бір баласы аштық пен жетімдіктің зардабын тартпасын. Әрбір перзентіңнің маңдайына бақытты ғұмыр жазылсын. Ұрпағың білімді, саналы, елінің қадірін білетін азамат болсын.

Құдай қазаққа жар болсын! Қаншама қасіреттен аман алып шыққан халқымды Жаратқан алдағы ғасырларда да өз панасында сақтасын. Тәуелсіздігің баянды, ғұмырың мәңгілік болсын! Бір-біріңді сыйлап өтіңдер, халқым! Бір-біріңнің қадіріңді біліңдер. Бір-біріңнің жақсылығыңа қуанып, қиыншылығыңа ортақтаса біліңдер. Қазақтың қазаққа қадірі артқан сайын, ұлттың ғұмыры ұзара бермек.

Менің сендерге деген соңғы тілегім осы. Бақытты бол, халқым! Аман бол, қазағым!»– деген антрополог.

Еске салайық, Оразақ Смағұл 97 жасқа қараған шағында дүниеден өткен еді.

Yorumlar
Diğer Haberler