Солтүстік Корея Швейцария дипломатын 48 сағат ішінде елден кетуге міндеттеді

287
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/R5kooW1sqm5CNc9imjaTefKTblFRnyva0xEmQC88.webp

Солтүстік Корея Швейцарияның Пхеньяндағы дипломатиялық өкілдігінің басшысы Сильвен Астьені «персона нон грата» деп жариялап, елден 48 сағат ішінде кетуін талап етті. Бұл туралы Euronews жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Дипломат Солтүстік Кореяның Сыртқы істер министрлігіне шақырылып, оған өкілдікті жабу туралы жазбаша талап тапсырылған. Ведомство бұл шешім Швейцарияның Вонсан қаласындағы «Сондовон» халықаралық балалар лагеріне қарсы санкциялар енгізуіне жауап екенін мәлімдеген.

Швейцария 4 қарашада лагерьді санкциялық тізімге енгізген. Ел билігінің мәліметінше, мемлекеттік лагерь Ресей басып алған Украина аумақтарынан әкелінген балаларды қабылдаған. Бұл балалар Ресеймен байланысты ұйымдардың қатысуымен ұйымдастырылған бағдарламалар аясында жеткізілген.

Балалар лагерьге мәдени алмасу бағдарламасы деген желеумен орналастырылып, Ресейшіл көзқарасты насихаттайтын іс-шараларға тартылған.

Шектеулер лагерьдің Швейцариядағы активтерін бұғаттауды және оған қаржы беруге тыйым салуды көздейді. Қыркүйек айында «Сондовон» лагерін Еуропалық одақ та санкциялық тізімге енгізген.

Дипломатты елден шығару туралы шешім жарияланардан бір күн бұрын КХДР басшысы Ким Чен Ынның әпкесі Ким Ё Чжон Швейцариямен қарым-қатынасты қайта қарауды және өкілдікті жабу мәселесін қарастыруды ұсынған.

Оның айтуынша, санкциялар КХДР-дың егемендігін бұзып, елдің балаларға арналған демалыс пен мәдени іс-шаралар ұйымдастыруына кедергі келтіреді.

Швейцарияның Пхеньяндағы бұрынғы бюросы 2020 жылғы наурызда коронавирус пандемиясына байланысты КХДР шекарасын жапқан кезде жұмысын тоқтатқан еді. Швейцария өкілдігі биыл 19 қазанда қайта ашылған.

Yorumlar
Diğer Haberler