«Әбіл» фильмі «Оскар» сыйлығының ұзын тізіміне енді

52
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/0jleMWgDAMnbkhilrk9HO3gIwxYIscw7dO4Hy5eb.webp

Қазақстандық режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмі 99-шы «Оскар» сыйлығының «Үздік халықаралық фильм» аталымы бойынша қарауға қабылданған картиналар тізіміне енді, деп хабарлайды "Адырна".

Америка киноакадемиясы аталған аталым бойынша биыл барлығы 104 фильмді іріктеуге жіберген.

Фильмде 1993 жылғы Қазақстандағы жекешелендіру кезеңі суреттеледі. Басты кейіпкер – «Баянқазақ» колхозының шопаны Әбіл. Ол мемлекеттік мүліктен өз үлесін алғанымен, жағдай өзі күткендей өрбімейді.

Картинадағы басты рөлдерді Ерлан Төлеутай, Нұржан Бексұлтанова, Әлихан Лепесбай және Ұлан Нүсіпәлі сомдаған.

«Әбіл» фильмінің әлемдік премьерасы 29-шы Пусан халықаралық кинофестивалінде өтті. Қазақстандық прокатқа туынды 2026 жылғы 25 маусымда шықты. Сондай-ақ фильм Францияда өткен халықаралық кинофестивальдердің бірқатарында жүлдеге ие болған.

Аталған аталым бойынша ұзын тізімге Қырғызстанның «Кассандра», Грузияның «Гурия», Украинаның «Іздер», Әзербайжанның «Тағиев: Мектеп» және Литваның «Соғыс кезінде қалай ажырасуға болады?» фильмдері де енген.

Келесі кезеңде киноакадемия 15 фильмнен тұратын қысқа тізімді жариялайды. Ол 2026 жылғы 15 желтоқсанға жоспарланған. Ал 99-шы «Оскар» сыйлығының номинанттары 2027 жылғы 21 қаңтарда белгілі болады. Марапаттау рәсімі 14 наурызда өтеді.

Yorumlar
Diğer Haberler