1Password компаниясы кибершабуылға ұшырады

151
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/k2HiQMAqQKl9B9f2LaSOyUla8ajtZvmicAPJxPcD.jpg

Фото: ЖИ

Құпиясөздерді сақтау және қорғау қызметін ұсынатын 1Password компаниясы кибершабуылға тап болғанын айтты, деп хабарлайды “Адырна”. 

Соның салдарынан шабуылдаушылар компанияның ішкі жүйелеріне еніп, кейбір пайдаланушылардың есептік жазбаларына қатысты деректерді көшіріп алған.

Компанияның хабарлауынша, хакерлер пайдаланушылардың аты-жөні, электронды пошта мекенжайы, есептік жазба нөмірі, тіркелген және жүйеге соңғы рет кірген күні туралы ақпаратқа, сондай-ақ бірқатар техникалық дерекке қол жеткізген.

Шабуыл бастапқыда GitHub платформасындағы 1Password қызметкерінің корпоративтік аккаунтын бұзудан басталған. Кейін қаскөйлер осы аккаунт арқылы компанияның серверлеріне зиянды код енгізген. GitHub – бағдарламалық кодты сақтауға және әзірлеушілердің бірлесіп жұмыс істеуіне арналған платформа.

Кибершабуыл 2026 жылғы 19 қарашада анықталған. Шабуылдаушылар компанияның жабық қоймаларында сақталған бастапқы кодты көшіріп, бағдарламалық жасақтаманы әзірлеу және жаңарту құралдарына да қол жеткізген.

Алайда компания өкілдері көшірілген кодта пайдаланушылардың құпиясөздері мен өзге де жеке мәліметтері болмағанын мәлімдеді. Сондықтан құпиясөздер сақталатын қоймалардағы ақпаратқа, шифрлау кілттері мен пайдаланушылардың құпия кілттеріне қауіп төнбеген.

Шабуыл анықталғаннан кейін 1Password компаниясы бұзылған GitHub аккаунтын бұғаттап, қолды болған қол жеткізу кілттерінің күшін жойған. Сондай-ақ ықтимал қауіпке ұшыраған деректерді жаңартып, ішкі жүйелерінің қорғанысын күшейткен. Қабылданған қауіпсіздік шараларын тексеру үшін тәуелсіз мамандар да тартылған.

Компания пайдаланушыларды 1Password атын жамылған алаяқтардан сақ болуға шақырды. Олардың атынан жалған электронды хаттар мен хабарламалар жіберіліп, телефон қоңыраулары шалынуы мүмкін екенін ескертті. Әсіресе күмәнді сілтемелерге өтуді, шақыруларды қабылдауды немесе есептік жазбаға кіру мүмкіндігін қалпына келтіруді сұрайтын хабарламаларға сақтықпен қарау қажет.

Сонымен қатар компания өкілдері 1Password қызметкерлері пайдаланушылардан ешқашан құпиясөздері мен құпия кілттерін сұрамайтынын еске салды. Оқиғаға байланысты есептік жазба құпиясөзін өзгертуге немесе оның баптауларын жаңартуға да қажеттілік жоқ екенін айтты.

Yorumlar
Diğer Haberler