157 млн теңге жымқырған. Өскемен әуежайындағы ұрлық ісі бойынша тергеу аяқталды

961
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/UxRj6IbaPUCwpx9uOli6GuE55bVF35cmni5frMqZ.jpg

Шығыс Қазақстан облысында Өскемен әуежайының басшылығына қатысты ірі көлемдегі ұрлық, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру фактілері бойынша қозғалған іске байланысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Тергеу деректеріне сәйкес, бес жыл бойы бұрынғы президент пен акционерлік қоғамның басқа да лауазымды тұлғалары кәсіпорынның қаржысын жүйелі түрде иемденіп отырған. Олар жалақыны жасанды түрде көтеру, жалған сыйақы беру және шын мәнінде орындалмаған шарттарға қол қою сияқты схемалар арқылы ақша ұрлаған. Ұрланған қаражат кәсіпорынның кассасы арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Сондай-ақ акционерлік қоғамға тиесілі автокөліктер бухгалтерлік баланстан шығарылып, байланысы бар адамдарға тым төмен бағамен сатылғаны анықталды. Бұдан бөлек, коммерциялық жылжымайтын мүліктер жалға төмен бағамен және жалдау алаңы азайтылып берілген.

Тергеу дерегі бойынша мемлекетке келтірілген жалпы шығын 157 миллион теңгені құраған.

Сот шешімімен күдіктілердің мүлкіне 126 миллион теңге көлемінде тыйым салынды. Тәркіленген мүліктер тізіміне төрт пәтер, жер телімі және екі автокөлік кіреді.

Қылмыстық іске қатысы бар тұлғалар қамауға алынды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етуге жатпайды.

评论