Әлиев Ақтаудағы ұшақ апатын қайғылы қателік деп бағалады

1687
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/d0EqlLNVjtFgddEQCEv2ya4kUPNvZANZJIXNFYc0.webp

Әзербайжан ұшағының Ресей күштері тарапынан атып түсірілуі және оқиғаға ресейлік ресми тұлғалардың реакциясы Әзербайжанда үлкен наразылық тудырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев «Аль-Арабия» телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеген.

Ресейлік әуежайларға дрондар шабуыл жасаған кезде олар ерекше режим жариялайды. Сондай сәтте барлық ұшақтар шабуыл жөнінде сигнал алады да, кері бұрылады. Әлиевтің айтуынша, апатқа дейін екі апта бұрын дәл сол ресейлік қалаға ұшқан әзербайжандық ұшақ режим жарияланғаны туралы сигнал алып, кері қайтқан.

Ал бұл жолы мұндай ескерту болмаған. Сигнал тек ұшаққа соққы жасалғаннан кейін ғана берілген. Президент бұл әрекет тергеуді адастыру мақсатында жасалған болуы мүмкін екенін айтты.

Ол ұшаққа екі рет соққы жасалғанын, пилоттардың кәсібилігі мен батылдығының арқасында ұшақ Ресейге емес, Қазақстанға қонуға мәжбүр болғанын жеткізді.

Дегенмен, қонған жерде апат орын алды.

Әлиев оқиға орнына дереу арнайы топ жіберілгенін, олардың бәрін бейнежазбаға түсіргенін атап өтті. 

"Ұшақтың фюзеляжы толықтай жарықшақтардан тесілген. Оны ресейлік әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі зақымдады. Ұшақты атып түсіруге мүлдем болмайтын еді. Бұл – қайғылы қателік», – деді Ильхам Әлиев.

Еске салайық, AZAL әуе компаниясының жолаушылар ұшағы 25 желтоқсанда Ақтау қаласына жақын маңда апатқа ұшыраған еді. Ұшақ бортында болған 67 адамның 38-і қаза тауып, 29-ы аман қалды. Алдын ала мәліметтер бойынша, ұшақ Ресейдің әуе кеңістігінде, Грозный қаласының үстінде сыртқы физикалық және техникалық әсердің салдарынан апатқа ұшыраған.

评论