Орал қаласындағы Атамекен өнер ордасының көрме залында жас фотограф, «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері Мейірбек Тажқұрановтың «Адам. Еңбек. Өлке.» атты жеке фото көрмесі ашылды. Шараны «Жайық Пресс» медиа холдингі қолдап, ұйымдастырып отыр.
Фотосурет өнеріне мектеп жасынан қызығушылық танытып, оны кәсіби деңгейге дейін жетілдірген Мейірбек бүгінде еліміздің фотоөнер саласында өз қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген. Оның еңбектері ел ішіндегі түрлі әлеуметтік жобалармен қатар, халықаралық байқауларда да жоғары бағаланып жүр.
Фото көрменің негізгі мақсаты – ел экономикасының тірегі саналатын жұмысшы мамандық иелерінің еңбегін насихаттау. Бұл бастама Қазақстанда 2025 жыл — Жұмысшы мамандар жылы деп жариялануына орай жүзеге асып отыр. Экспозицияда Мейірбектің 8 ай бойы ел аралап, әртүрлі салада еңбек етіп жүрген адамдардың тыныс-тіршілігін бейнелеген 80-ге жуық фото жұмысы қойылған.
— «Қазір жұмысшы мамандықтар елеусіз қалып барады. Біз эстрада жұлдыздарын, танымал адамдарды танимыз, ал елге шын пайдасы тиіп жүрген қарапайым еңбек адамдары назардан тыс қалып жатады. Осы арқылы сол азаматтардың еңбегін елге танытқым келді», – дейді автор.
Көрмеде сонымен қатар қазақтың біртуар тұлғалары — Ғұмар Қараштың 150 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған арнайы фотожобалар да көпшілік назарына ұсынылған. Сондай-ақ әлемдік байқауларда үздік 50 және үздік 100 сурет қатарынан көрінген шығармалар да орын тапқан.
Көрме қыркүйек айының 30-на дейін жалғасады. Кіру - тегін. 
