"Мигранттар заңы қорқынышты". Өзбекстан Ресейге нота жолдады

786
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/E1vIXCX58WXMUPFlsJkEAMWbOF5g6xu5r2JWSUDS.webp

Өзбекстан тарапы Ресейге өз азаматтарына қатысты нота жолдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

БАҚ беттерінде Ресейде бірнеше өзбекстандықты ұрып-соғу және қорлау фактісіне байланысты ақпарат тараған еді. Өзбекстанның Владивостоктағы Бас консулдығы билікке арнайы нота жолдады.

Өзбекстан азаматтарына жасалған шабуыл 10 қыркүйекке қараған түні болған. Ресейдің тергеу комитетінің Приморский өлкесі бойынша басқармасының дерегінше, бұл әрекетті алкогольдік мас күйінде болған жасөспірімдер тобы жасаған. Олар тұрақта тұрған көлікті бүлдіріп, ішіне газ баллонын шашып жібергеннен кейін жүк көлігінің жүргізушісіне шабуыл жасаған. Бұдан соң жасөспірімдер Хабаровская көшесіндегі тәулік бойы жұмыс істейтін дүкенге кіріп, келушілер мен сатушының көзінше ер адамды ұрып-соққан. Кейін олар таксист пен жолаушыға шабуыл жасаған. Көшеде жасөспірімдер қатты айғайлап, өтіп бара жатқан адамға қарсы тас және басқа да заттарды қолданып, қоғамдық тәртіпті бұзған.

Қазіргі таңда барлық қатысушылардың тұлғалары анықталған. Елдің экология министрінің кеңесшісі Расул Көшербаев жариялаған бейнежазбалардан жапа шеккендердің мигранттар екені көрінеді. Көшербаевтың айтуынша, олар Бұхара облысының тумалары.

«Бұл оқиғаға байланысты Владивостоктағы Өзбекстан консулдығына жүгінген отандастарымыз консулдық қызметкерлері ешқандай көмек көрсетпей, тек ресейлік құқық қорғау органдарына баруға кеңес бергенін айтты. Олардың сөзінше, мигранттар үшін Ресейдің құқық қорғау органдарына жүгіну пайдасыз әрі қорқынышты», – деп жазды ол.

Сондай-ақ Көшербаев СІМ-ді бұл оқиғаға назар аударуға шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін де Мәскеу облысы Химки қаласында Ресей тұрғынының Өзбекстан азаматын қорлағаны айтылған еді. Нәтижесінде Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі Ресейге нота жолдаған.

评论