Түркістан облысында әкімдіктер жалпы құны шамамен 2 миллиард теңге болатын мемлекеттік жерлерді заңсыз үлестіргені анықталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы облыстық прокуратураның отырысында хабарланды.
Қадағалау органы соңғы үш жылда (2023–2025 жылдары) жалпы аумағы 6 мың гектардан асатын 190 жер учаскесінің заңсыз берілгенін мәлімдеді. Әкімдер конкурс талаптарын айналып өтіп, мемлекеттік жерлерді бау-бақша шаруашылығына, жеке қосалқы шаруашылыққа және қосымша телім ретінде таратқан.
Сонымен қатар, 400 гектар жердің нысаналы мақсаты кәсіпкерлік қызметке заңсыз өзгертілген, ал бұл процесте архитектуралық және қала құрылысы талаптары сақталмаған.
Отырыста заңсыз құрылыс, тұрғын үй алу кезегі және жерді тиімді пайдалану мәселелері де талқыланды. Прокуратура жауапты тұлғаларды жазалау қажеттігін атап өтіп, тиісті мемлекеттік органдарға хаттамалық тапсырмалар берді.