Қырғызстандағы Манас қаласының мэрі Женішбек Тоқторбаев қаладағы маңдайшаларды мемлекеттік тіл туралы заңға сәйкестендіруді тапсырды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ол 28 қазанда «Керме-Тоо» қазандығының салтанатты ашылуында қаладағы дәмхана мен мейрамханалардың, кәсіпорындардың атаулары ағылшын, қытай, араб және өзбек тілдерінде жазылғанын атап өтті.
«10 қарашаға дейін барлық маңдайша толықтай қырғыз тілінде жазылуы тиіс», — деді қала басшысы.
Айтуынша, бұл шара мемлекеттік тілді қолдау мен дамытуға бағытталған.
Қырғызстанда да Қазақстандағыдай орыс тілі - ресми тіл. Алайда Қырғыз Конституциясының 13 бабында былай делінген: Қырғыз тілі - Қырғыз Республикасынын мемлекеттік тілі. Мемлекеттік тілді қолдану тәртібі конституциялық заңмен реттелген. Қырғыз Республикасында ресми тіл ретінде орыс тілі қолданылады".