Мәжіліс ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын заңды қабылдады

1322
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/GLAaRkHk4eTIB3XSMjNkNivtDwhCQF56T0U0oylk.jpg

Бүгін Мәжіліс депутаттары елімізде ЛГБТ насихатына тыйым салуды көздейтін түзетуді мақұлдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Депутаттар екінші оқылымда бірден тоғыз заңға өзгерістер енгізуді көздейтін түзетулерді қолдады. Құжатта енді бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет кеңістігінде гомосексуализмге қатысты кез келген ақпаратты таратуға тыйым салынатыны айтылған. Бұл түзету «Мұрағат ісі мәселелері жөніндегі» заң жобасына енгізілген.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, заң жобасы қоғамда балалар мен жасөспірімдерді цифрлық кеңістіктегі теріс әсерлі контенттен қорғау мәселесіне байланысты қабылданған.

«Қоғамда балалар мен жасөспірімдерді интернеттегі жағымсыз контенттен қорғауға қатысты алаңдаушылық күшейіп келеді. Осыған байланысты заң жобасына қоғамдық орындарда педофилия мен дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттауға тыйым салатын түзетулер енгізілді», – деді депутат.

Бейсенбаевтың сөзінше, қазіргі таңда өскелең ұрпақ желіде отбасы, имандылық және болашақ туралы түсінігіне кері әсер ететін ақпараттарға жиі тап болады.

«Біз балаларды мұндай заңсыз контенттен қорғау арқылы олардың қауіпсіздігі мен психикалық саулығын сақтауды мақсат етеміз», – деп қосты ол.

 

评论