138 шетелдік ұсталды. Ішкі істер министрі Тоқаевқа есеп берді

400
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/amPs0L1VM3WhXltAdTkld006Uyg9TFeLx1GYYuii.jpg

Бүгін, 19 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады. Бұл туралы Ақорда жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Президентке елдегі криминогендік ахуал, ішкі істер органдарына жүктелген міндеттердің орындалуы, соның ішінде «Заң және тәртіп» қағидатын орнықтыру жұмыстары жөнінде баяндалды.

Ержан Сәденов 10 айда елдегі қылмыс саны 5,3 мыңға азайғанын және қылмыстың ізін суытпай ашу деңгейі жақсарғанын жеткізді.

«Отбасылық-тұрмыстық деңгейдегі құқықбұзушылықтармен күрес белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Алдын алу жұмыстарының нәтижесінде тұрмыстық сипаттағы қылмыс саны – 8 пайыз, оның ішінде кісі өліміне әкеліп соғатын жағдайлар 26 пайыз азайды»,- деді ол.

Президентке берілген мәліметке сәйкес, іздеуде жүрген 1 391 адам ұсталған. Олардың 138-і шетелде қолға түсті. Жедел іс-шаралар барысында 30 тоннадан астам есірткінің, соның ішінде бір тоннадан астам синтетикалық заттардың айналымға түсуіне жол берілмеді.

«Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл аясында ауыр және аса ауыр қылмысқа қатысы бар 185 қылмыстық топ ұсталды. Интернет-алаяқтықпен күрес бағытында 12 колл-орталық жойылды. Оның жетеуі шетелде орналасқан. Шамамен 83 миллион фрод-қоңырау және 4 мың алаяқтықпен айналысқан сайт бұғатталды. Сондай-ақ алаяқтардың 2,3 миллиард теңге қаражатты елден шығаруына тосқауыл қойылды»,- деп түсіндірді министр.

Мемлекет басшысына жол қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер таныстырылды. Мәселен, дрондар көмегімен 6 мыңнан астам, орташа жылдамдықты өлшеу жүйелері арқылы 190 мыңнан астам жол жүру ережесін бұзу дерегі анықталған.

Қабылданған шаралар нәтижесінде жол-көлік оқиғасы кезіндегі өлім-жітім саны 9,4 пайызға, соның ішінде мас күйінде көлік жүргізушілер кінәсінен болатын қайғылы жағдайлар 24 пайызға азайған.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына экстремизмге қарсы күрес пен көші-қонды бақылау шаралары жөнінде баяндалды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

 

评论