«Бізді құтқарыңыздар». Теміртаулық фельдшерлер көмек сұрады

1028
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/rRfMT9NUOaT48xf7jGptWJ8tbvjelMcS9drQfmT0.jpg

Теміртауда жедел жәрдем қызметкерлері шамадан тыс жұмыс жүктемесі мен төмен еңбекақы мәселесін көтерді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Фельдшерлердің айтуынша, басты мәселелердің бірі – машина мен бригадалардың жетіспеушілігі. 

«Норматив бойынша әр 10 мың адамға бір жедел жәрдем көлігі болуы тиіс. Алайда іс жүзінде тәулігіне 20 бригаданың орнына небәрі 10-11 бригада ғана жұмыс істейді. Стансадағы кадр тапшылығы 20 фельдшерге жетіп отыр»,- дейді олар.

Мамандар соның салдарынан шақыртуларға кешігіп баратынын, ал кезекке шыққан бригадаларға ауыр салмақ түсетінін мәлімдеді. Мысалы жақында бір бригада бір тәулікте 24 шақырту орындаған.

Кейбір қызметкерлер жалақының тым төмен болуына байланысты екі жерде жұмыс істейтінін жасырмайды. Фльдшерлер жалақының 133 мың теңгеден басталатынын, ал сирек жағдайларда ғана 180 мыңға жететінін атап өтті.

«Біз — алғашқы медициналық көмек буынымыз, адамдардың өмірін құтқарамыз. Енді өзіміз сіздерден көмек сұраймыз. Бізді құтқарыңыздар!»- деді олар үндеуде.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жағдайдан хабардар екенін растады. Олардың мәліметінше, медицина қызметкерлерінің кәсіподағы жан басына шаққан тарифті ұлғайту туралы ұсынысы бар хатты Денсаулық сақтау министрлігіне жолдаған.

«Қазіргі уақытта медицина қызметкерлерінің кәсіподағы еңбек ұжымы мен әлеуметтік әріптестік аясында келісім жүргізе отырып, Денсаулық сақтау министрлігіне жан басына шаққан тарифті инфляция деңгейін ескере отырып, жалақыны арттыруға мүмкіндік беретін мөлшерге дейін көтеру туралы өтініш-хат дайындап жіберді», – делінген басқарманың ресми жауабында.

Сонымен қатар басқарма биыл облыстық бюджет есебінен 113 жедел жәрдем көлігі мен санавиацияның екі бірлігі сатып алынатынын хабарлады.

Еске салайық, бұған дейін Астанада көпқабатты үйдің қаптамасы құлаған кезде жедел жәрдем қызметін көрсеткен, сол кезде ауыр жарақат алған фельдшер Ұлдана Мырзуанның ауруханада қайтыс болғанын жазған едік.

评论
其他材料