«Әбіл» фильмінде басты рөлді сомдаған актер, әнші, музыка зерттеушісі Ерлан Төлеутай шетелде қатарынан екі мәрте «Ең үздік актер» атанды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Оның алғашқысы – 10–22 қараша аралығында Ирландияның Дублин қаласында өткен 13-ші Silk Road International Film Festival, екіншісі – Парижде ұйымдастырылған «Франциядағы қазақ кинолары фестивалі».
Бұл жаңалықты фильм режиссері Елзат Ескендір әлеуметтік желіде бөлісті.
«Ағамыздың қос жеңісі үшін өте қуаныштымыз. Ерлан Төлеутай болмаса – Әбіл болмас еді. Сіз бұл фильм үшін соңына дейін тұрған аз азаматтың бірісіз, аға! Сізге зор рахмет айтам! Әрі шын жүрегіммен құттықтаймын! Құтты болсын!» – деп жазды ол.
Қазақстандық режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмі бұған дейін де халықаралық деңгейде жоғары бағаланды. Туынды 31-ші Vesoul халықаралық Азия кинофестивалінде (Франция) үш бірдей жүлдені жеңіп алған еді.