Облыс әкімі туған әпкесінің қамауға алынғанын растады

178
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/x0lOTK1EgO1XiDOtARvQuhLoIJJUdXSvloYhTcJZ.webp

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов мас күйде көлік басқарғаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған туған әпкесіне қатысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Екібастұз қалалық соты әкімнің әпкесі — 53 жастағы Айгүл Қуандыққызы Байханованы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 15 тәулікке қамауға алу және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру туралы шешім шығарды.

Оқиға 4 қараша күні кешке тіркелген. Полиция қызметкерлері Hyundai Tucson маркалы автокөлікті тоқтатқан кезде рөлде шенеуніктің туысы отырғаны анықталған. Медициналық тексеру нәтижесінде оның жеңіл масаң күйде болғаны дәлелденді.

Сот отырысында Айгүл Байханова көлік басқармағанын, тек автокөлікте отырғанын айтқан. Алайда сот бұл уәждерді жеткіліксіз деп тауып, әкімшілік жаза тағайындады.

«Біздің мемлекет заң мен тәртіптің үстемдігін негізгі қағидаттардың бірі ретінде ұстанады. Заң алдында барлық азамат тең. Бұл қағида менің әпкеме де, отбасының өзге мүшелеріне де қатысты», – деп жазды әкім желідегі парақшасында.

Әкім жақын туысын қорғауға тырыспағанын, кез келген құқықбұзушылыққа төзбеушілік ұстанымын көрсеткенін атап өтті.

 

评论