«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әбутәліп Мүтәлі Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке ұлттық чип-дизайнды дамыту жөнінде депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Депутаттың айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылда елді толық цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту жөнінде нақты міндет қойғанымен, микросхемаларды жобалау саласындағы өз мүмкіндігімізді күшейтпей бұл мақсаттарды орындау қиын. Мүтәлі микрочиптердің бүгінде тұрмыстық техникадан бастап көлік, қауіпсіздік және мемлекеттік қызметтерге дейінгі барлық цифрлық инфрақұрылымның негізіне айналғанын атап өтті.
Халықаралық тәжірибеге сүйенген ол чип-дизайн индустриясын қалыптастыру үшін міндетті түрде өз өндірістік фабрикаларының болуы шарт емес екенін айтты. Мысалы, Сингапур зерттеулерді қолдау үшін 700 млн доллар бағыттап отыр, Қытайда жасанды интеллектке арналған дербес чиптерді әзірлеуге салықтық жеңілдіктер берілуде. Өндірістік базасы болмаса да, британдық ARM әлем смартфондарының 95%-ына архитектуралық шешім ұсынып отыр, ал NVIDIA нарықтық құны 4 триллион доллардан асқан алпауытқа айналды.
«Қазіргі уақытта елімізде микросхемаларды модельдеу менсынақтан өткізуге арналған зертханалар, білім беру бағдарламалары, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымыжәнемемлекеттік қолдау шаралары жеткіліксіз. Салада халықаралық тәжірибесі бар инженерлер мен тәлімгерлер тапшы, ал университеттер мен өнеркәсіп арасындағы байланыс әлсіз.
Нәтижесінде біз микросхемаларды импорттауға мәжбүрміз. Алайда ең өкініштісі – жаһандық жартылай өткізгіштер индустриясынан шет қалып отырмыз. Бұл нарықтың көлемі қазірдің өзінде жүздеген миллиард доллармен өлшенсе, бес жылдан кейін 1 триллион долларға, ал 2035 жылға қарай 2 триллион долларға дейін өседі деп болжанып отыр.
Микросхемаларды жобалау саласын дамыту Қазақстанға бірқатар елеулі артықшылық береді. Бұл ұлттық қажеттіліктерге бейімделген технологиялық шешімдерді әзірлеуге, цифрлық жүйелердің сенімділігі мен мемлекеттік қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ микросхемалар мен дайын өнім импортының көлемін азайтуға жол ашады.
Сонымен қатар салада жаңа жоғары технологиялық жұмыс орындары пайда болып, жастардың инженерлік мамандықтарға қызығушылығы артады. Дайын чиптер дизайны үлгілерін және зияткерлік меншікке қатысты лицензияларды экспорттау мүмкіндігі артып, экономиканың шикізаттық емес секторы нығаяды»,-деді депутат.
Ол Үкіметке чиптер дизайны саласын дамыту бойынша кешенді мемлекеттік саясатты әзірлеуді және бекітуді ұсынды.
«Үкімет шұғыл әрі нақты шаралар қабылдауы қажет. Кешенді мемлекеттік саясат аясында университеттер мен колледждерде зертханалар ашу, микросхемалардың ұлттық дизайн-орталығын құру, жобалау және тестілеу инфрақұрылымын дамыту, ғылыми жобалар мен стартаптарды қолдау, сондай-ақ микросхемаларды жобалау бойынша оқу бағдарламаларын енгізу көзделуі тиіс. Дәл осы базалық инфрақұрылымды құру еліміздің шынайы әрі тұрақты цифрландыруын қамтамасыз етеді. Қабылданған шаралар туралы заңнамада белгіленген тәртіппен жазбаша түрде ақпарат беруді сұраймын»,-деп толықтырды Мүтәлі.