Қазақстан мен Иран көне қолжазбалар көрмесін өткізіп, әл-Фараби кешенін салмақ

302
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/qW8DQvDBPqkkrFUnu8Jc9r6mxEhF3rgNoZXXKMxF.webp

Қазақстан мен Иран алдағы уақытта халықаралық ұйымдар аясында өзара ықпалдастығын жалғастыра береді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ақордаға сілтеп.

Бұл туралы Иран Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкианмен келіссөздер қорытындысына орай өткен баспасөз мәслихатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыс әрдайым өзара қарым-қатынастың алтын көпірі болып саналады.

«Иран мұрағаттарында сақталған қазақ тарихына қатысты бірқатар көне қолжазбаның көшірмесін әкелген екен. Онда 18 ғасырдағы ұлт шежіресі мен мәдениетіне қатысты құнды деректер бар», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұл құжаттар қазақ ғалымдарына Қазақ хандығының сол кезеңдегі халықаралық қатынастарын терең зерттеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Осы ретте Мәдениет және ақпарат министрлігіне Иранның тиісті мекемелерімен бірлесіп, елімізде көне қолжазбалар көрмесін ұйымдастыруды тапсырдым. Сонымен бірге біз иран тарапымен бірлесіп, қазақ жерінде ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби мұрасына арналған тарихи-мәдени кешен салу жөнінде келісімге келдік. Бүгін білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты күшейту жолдары да талқыланды. Екі елдің медицина қызметкерлері өзара тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыру бағытында жұмыс жүргізетін болады», — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында халықаралық ахуал да талқыланғанын айтты.

«Қарулы қақтығыстардың, санкциялық қысымдар мен сауда соғыстарының күшеюіне алаңдаушылық білдірдік. Халықаралық ұйымдардың беделінің төмендеуіне қатысты пікір алмастық. БҰҰ рөлін күшейту, оның қарарлары мен жарғыларын қатаң сақтау, халықаралық құқық қағидаттарын ілгерілету және әділдікке берік болу туралы ортақ ұстанымға келдік. Барлық жанжалдарды дипломатиялық келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешу қажет екенін атап өттік», — деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Иранның кеңейтілген серіктестігін нығайту екі ел халықтарының мүддесіне сай келеді.

«Бүгінгі келіссөздер нәтижелі болды деуге толық негіз бар. Екі елдің достығы мәңгі болсын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бұған дейін Президент Ақордада ресми сапармен келген Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианды қарсы алған болатын. Кейін тараптар шағын құрамда келіссөз өткізіп, қорытынды бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылдап, 8 құжатқа қол қойды.

评论