Трамп Венесуэладан "ұрланған" мұнай мен активтерді қайтаруды талап етті

361
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/6xsXjrjMGpLxcn7UhP5JdSH3mZ7lAC5ZCPRdCu3X.jpg

АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэладан Америка Құрама Штаттарына тиесілі деп есептелетін барлық мұнайды, жерлерді және басқа да ұрланған активтерді қайтаруды талап етті. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Боливар Республикасының жағалаулары маңында ірі әскери күш шоғырланып жатыр.

«Венесуэла Оңтүстік Америка тарихында бұрын-соңды болмаған ең ірі армадамен толықтай қоршалды»,- деді АҚШ басшысы.

Трамптың мәлімдеуінше, әскери күш одан әрі ұлғая береді, ал соққы бұрын-соңды болмаған деңгейде жасалмақ. Бұл Венесуэла АҚШ-тан бұрын ұрлап алған барлық мұнайды, жерді және өзге де активтерді толық қайтармаған жағдайда жалғасады.

Алайда Трамп нақты қай жерлерді «тартып алынған» деп санайтыны белгісіз. Себебі АҚШ пен Венесуэла арасында аумақтық даулар жоқ. Екі ел арасындағы ұзындығы 550 шақырым болатын теңіз шекарасы 1980 жылы белгіленіп, Вашингтон мен Каракас тарапынан ратификацияланған еді.

Сонымен қатар Ақ үй басшысы Венесуэланың қазіргі билігін шетелдік террористік ұйым ретінде мойындайтынын мәлімдеді.

«Біздің активтерімізді ұрлағаны үшін және терроризм, есірткі контрабандасы мен адам саудасын қоса алғанда басқа да көптеген себептерге байланысты Венесуэла режимі шетелдік террористік ұйым деп жарияланды»,-деді президент.

Оның сөзінше, Николас Мадуроның «заңсыз» режимі мұнайды өзін қаржыландыруға, наркотерроризмге, адам саудасына, кісі өлтіру мен адам ұрлауға пайдаланып отыр.

Бұдан бөлек, Дональд Трамп Николас Мадуроға Венесуэладан қашуды ұсынды. Бұған дейін АҚШ президенті Мадуро билігінің «күндері санаулы» екенін болжаған еді. Алайда Вашингтонның Венесуэлаға әскери басып кіруді жоспарлап отырған-отырмағаны туралы сұраққа жауап беруден бас тартты.

评论