«Мұнайдың триллиондары қашан қайтады?»

207
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/IGyF26cqJ17J4r77phjKA0WrEIBaRlksCEAVkkO3.jpg

 

2025 жылғы 17 желтоқсанда ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса шетелдік мұнай корпорацияларының Қазақстанға келтірген экологиялық және қаржылық залалдарына қатысты Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.

Депутат сөзін Желтоқсан қаһармандарына тағзым етуден бастап, стратегиялық мұнай кен орындарын игеріп отырған шетелдік компаниялармен есеп айырысу мәселесінің әлі күнге дейін шешілмей отырғанын айтты.

Қазыбек Исаның мәліметінше, 2023 жылы Қазақстан билігі Қашаған және Қарашығанақ жобалары бойынша шетелдік серіктестерді тендер тәртібін бұзды, мердігерлік міндеттемелерді толық орындамады деп айыптап,

  • Қашаған бойынша — 13 млрд доллар,

  • Қарашығанақ бойынша — 3,5 млрд доллар шығынды қайтаруды талап еткен.

Сонымен қатар, Қашаған жобасында экологиялық талаптар бұзылды деген негізбен North Caspian Operating Company N.V.-ге 2,3 трлн теңге (5,1 млрд доллар) көлемінде айыппұл салу жөнінде талап қойылған. Алайда екі жылға созылған сот процестерінің нәтижесінде Қазақстан бұл дауларда жеңіліп, айыппұлдар әлі күнге дейін өндірілмеген.

Депутаттың айтуынша, теңгенің құнсыздануы салдарынан талап етілген айыппұлдардың долларлық баламасы шамамен 1 млрд долларға азайған. Бұл жағдай шетелдік компаниялар үшін тиімді болғанымен, Қазақстан бюджетіне айтарлықтай зиян келтіріп отыр.

Қазыбек Иса жалпы алғанда:

  • заңсыз иеленді деп талап етіліп отырған 8,6 трлн теңге,

  • өндірілмей отырған экологиялық айыппұлдар 2,3 трлн теңге,
    яғни 11 трлн теңге — елдің бір жылдық бюджет кірісінің жартысына жуық қаржы екенін атап өтті.

Ол мемлекеттік органдардың халықаралық арбитраждарда күрделі дауларға дайын еместігін сынға алып, айыппұлдарды шетелдік компаниялардың табысы түсетін валютада есептеу, сондай-ақ мұндай істердің созбалаңға салынуына жол бермеу қажеттігін айтты.

«Ақ жол» партиясы Үкіметтен ұлттық мүддені қорғау үшін шұғыл және нақты шаралар қабылдауды талап ететінін мәлімдеді.

评论