20 желтоқсанда “Орталық Азия – Жапония” диалогының алғашқы саммиті өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Жапонияда өткен кездесуге елдің премьер-министрі Санаэ Такаичи, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.
Жиын барысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жапониямен білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында жапон университеттерінің Қазақстанда бөлімшелерін ашуды ұсынды. Сондай-ақ мемлекет басшысының Жапонияға ресми сапары аясында жалпы құны 3,7 миллиард доллардан асатын 60 құжатқа қол қойылды.
Саммит қорытындысы бойынша Токио декларациясы қабылданып, “Орталық Азия – Жапония” форматындағы төрағалық Қазақстанға өтті. Тараптар келесі саммитті Қазақстан аумағында өткізу жөнінде ортақ келісімге келді.