Марқұм қарындасы Салтанат Нүкенова жайлы кітап жазып шығарған Айтбек Амангелді көпшіліктің сынына ұшырады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Бұған дейін Айтбек Амангелді «Ол Салтанат еді. Бір қыздың өлімі үлкен елдің заңнамасын қалай өзгертті» атты туындысының жарыққа шыққанын мәлімдеген еді. Айтуынша, алғашқы таралымы — 7 мың дана.
«Біздің басымыздан өткен оқиға адамдарға отбасы құндылығын және жүйеге қарсы шығудан қорықпай, әділеттілікке қол жеткізуге болатынын еске салады деп үміттенемін»,-деді ол.
Алайда бұл жаңалық желі қолданушыларының талқысын тудырды. Кейбір пікір иелері бастаманы қатаң сынға алып, оны жеке трагедияны пиар мен табыс көзіне айналдырды деп айыптады.
«Жақын адамынан айырылу — жеке қайғы, ол өзін-өзі жарнамалауға айналмауы керек», «Егер шынайы қайғырса, кітап сатумен емес, дұға жасап, қайырымдылықпен айналысар еді»,-деп жазды қолданушылар.
Сондай-ақ кейбір желі қолданушысы бұл оқиға алдағы уақытта фильмге немесе басқа да медиажобаларға арқау болуы мүмкін деген болжам айтты.
Пікірталаста Айтбек Амангелдіні қолдағандар да болды. Қолдаушылар кітапты марқұмды еске алудың бір жолы әрі қайғыны еңсеру формасы деп санайды.
«Мүмкін бұл жай ғана арнау кітап шығар? Кітап — мәңгілік естелік», «Ол ең жақын адамынан айырылды, қайғысын қалай өткеретінін өзі шешуге құқылы», «Аздап жанашырлық танытайық»,-деп жазды олар.
Талқылауға өзін жазушымын деп таныстырған қолданушы да қатысып, кітап шығару, әсіресе өмірбаяндық еңбектер, әдетте табыс әкелмейтінін атап өтті.
«Біз бұл кітаппен бір жарым жыл жұмыс істедік және 8 миллион теңгеден астам қаражат жұмсадық. Бір дананың өзіндік құны 255 мың теңгеден асты. Мұндай жобалар көбіне өзін-өзі ақтамайды, сондықтан мұны бизнес деу орынсыз», — деп жазды ол.