Жапонияның 2026 жылғы бюджеті. Қорғанысқа бөлінетін қаржы күрт артты

140
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/7ISiLAn6X48eOEtnplhRCAqIgQl560933kOJOdh6.jpg

Жапония үкіметі 2026 қаржы жылына арналған мемлекеттік бюджет жобасын мақұлдады. Құжатқа сәйкес, 2026 жылдың сәуірінен басталатын қаржы жылындағы жалпы шығын көлемі 122,3 трлн иенді (шамамен 783 млрд АҚШ доллары) құрап, ел тарихындағы ең жоғары деңгейге жетпек, деп хабарлайды "Адырна".

Report агенттігінің шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасап хабарлауынша, бюджетте қорғаныс саласына бөлінетін қаражат та рекордтық көрсеткішке жеткен. Әскери шығындар 8,8 трлн иенді (шамамен 56,3 млрд доллар) құрайды.

Әскери бюджеттің ұлғаюы Жапония үкіметінің қорғаныс әлеуетін күшейту және соққы беретін қару-жарақ жүйелерін қарулы күштердің құрамына енгізу саясатына байланысты. Бұған дейін ел премьер-министрі Санаэ Такаити қорғаныс шығындарын ішкі жалпы өнімнің 2 пайызына мерзімінен бұрын жеткізу міндетін қойған болатын. Алғашында бұл межеге 2027 жылға қарай жету жоспарланған еді.

Сонымен қатар әлеуметтік қамсыздандыруға бөлінетін шығындар да рекордтық деңгейге — 39 трлн иенге (шамамен 249,5 млрд доллар) дейін өседі. Бұл медициналық қызметтер құнының қымбаттауымен және халықтың қартаюымен байланысты.

Үкімет болжамына сәйкес, салық түсімдері 2026 қаржы жылында 83,7 трлн иенді (шамамен 535,5 млрд доллар) құрайды. Ал бюджет тапшылығын жабу үшін шығарылатын мемлекеттік облигациялар көлемі 30 трлн иеннен (шамамен 192 млрд доллар) аспауы тиіс.

Бұл шешім қаржылық тұрақтылықты сақтап, мемлекеттік қарыз жүктемесін одан әрі ұлғайтпауға бағытталған. Қазіргі таңда Жапонияның мемлекеттік қарызы елдің ЖІӨ-сінен шамамен екі есе көп.

2026 қаржы жылына арналған бюджет жобасы 2026 жылдың басында парламенттің қарауына енгізіледі.

评论