«Волонтерлік жылы: Қазақстан жастарындағы жаңа серпін мен жаһандық мүмкіндіктер»

43
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/uDKrzU7WoHB39yTWAOiIUhWbmu07LMrqB61XTfA7.jpg

2026 жыл – Қазақстанның бастамасымен қабылданып, Біріккен Ұлттар Ұйымы деңгейінде Халықаралық волонтерлер жылы болып жарияланған ерекше кезең. Бұл – еліміздің жаһандық қауымдастық алдындағы беделін арттырып қана қоймай, қазақстандық жастардың жаңа буынының белсенділігін, қайырымдылық пен азаматтық жауапкершілік мәдениетін танытатын тарихи мүмкіндік.

Волонтерлік инфрақұрылымның дамуы, цифрлық паспорт сынды инновациялық жүйелердің енгізілуі және мемлекеттің жүйелі қолдауы жастар арасында жаңа көшбасшылардың қалыптасуына жол ашты. Қазақстан студенттерінің Альянсы төрағасы, республикалық студенттік омбудсмен Ұлан Аманқазыұлы осы үдерістің мән-маңызын түсіндіріп, волонтерлік қозғалыстың ел болашағына әсерін жан-жақты талдап берді.

– Қазақстанның Халықаралық волонтерлер жылын жариялау жөніндегі бастамасы 2026 жылы нақты қандай нәтижелер арқылы көрініс табуы тиіс?

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев БҰҰ-ның 75-сессиясында 2026 жылды Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялау жөнінде бастама көтерген болатын. Бұл ұсыныс халықаралық қауымдастық тарапынан қолдау тауып, нәтижесінде 2026 жыл бүкіл әлемде Волонтерлер жылы ретінде аталып өтетін болды.

Аталған бастаманың елімізден көтеріліп, жаһандық деңгейде қабылдануы – Қазақстан үшін тарихи әрі маңызды оқиға. Халықаралық волонтерлер жылының салтанатты ашылу рәсіміне Мемлекет басшысы, Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен еліміздің әр өңірінен волонтерлік салада белсенді еңбек етіп жүрген ұйым өкілдері қатысты.

Волонтерлік қызмет – халыққа, елге, жерге және Отанға деген сүйіспеншілікті нақты іспен көрсетуге мүмкіндік беретін маңызды азаматтық ұстаным. 2026 жылғы Волонтерлер жылының халықаралық деңгейде атап өтілуі Орталық Азиямен ғана шектелмей, жаһандық аренада тәжірибе алмасуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және ауқымды бастамаларды іске асыруға жол ашады деп сенеміз.

Волонтерлік қызмет бірнеше бағытты қамтиды. Бүгінде олардың ішінде экологиялық, медициналық және әлеуметтік волонтерлік ерекше өзектілікке ие. Алдағы уақытта еліміздегі волонтерлер қатары одан әрі арта түседі деп ойлаймыз, себебі қазірдің өзінде Қазақстан бойынша 300 мыңнан астам волонтер белсенді қызмет атқарып жүр. Жалпы, волонтерлік – халқымызға жат ұғым емес. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, бір-біріне қол ұшын созу – халқымыздың бойына ежелден сіңген асыл қасиеттер.

– Волонтердің цифрлық паспорты не үшін қажет және ол сенім, ашықтық, қауіпсіздік пен көмектің нысаналы түрде көрсетілуі сияқты қандай мәселелерді шешуге мүмкіндік береді?

– Биылғы жыл Мемлекет басшысының Жарлығымен цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Осыған орай әрбір волонтердің цифрлық паспортын енгізу біз үшін үлкен мотивация әрі маңызды жетістік болмақ.

Цифрлық паспорт арқылы волонтердің атқарған жұмыстары жүйелі түрде тіркеліп, оның белсенділігі мен үлесі айқын көрінеді. Бұл өз кезегінде жұмысқа орналасу үдерісін жеңілдетіп, жеке көрсеткіштердің жоғары болуына ықпал етеді.

Қазақстан студенттері Альянсының төрағасы әрі республикалық студенттік омбудсмен ретінде айта кетсем, Білім және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, жоғары оқу орындарында студенттердің қоғамдық қызметі мен жеке жетістіктерін бағалау тәжірибесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Студенттің волонтерлік қызметке, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуы оның академиялық көрсеткіштеріне оң әсер етіп, GPA деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар цифрлық платформа арқылы студенттің қандай бастамаларға қатысқаны, қандай жобаларда белсенді болғаны толық көрініс табады. Бұл волонтердің жеке нәтижелерін әділ бағалауға, ал болашақта цифрлық паспорт негізінде жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейтуге және мемлекеттік марапаттарға үміткер болу деңгейін арттыруға жол ашады деп сенемін.

– Қазақстанда волонтерлер қозғалысының қарқынды дамуына басты серпін берген фактор қандай: мемлекеттік қолдау, инфрақұрылымның қалыптасуы әлде қатысудың жаңа форматтары ма?

– Елімізде волонтерлік қозғалыстың қарқынды дамуына барлық қажетті алғышарттар қалыптасқан. Бұл бағытта инфрақұрылымның жүйелі түрде дамуы, волонтерлік хабтардың ашылуы және үйлестіру тетіктерінің жолға қойылуы маңызды рөл атқарып отыр.

Қазіргі таңда волонтерліктің 8 негізгі бағыты бар, олардың қатарында экологиялық волонтерлік ерекше орын алады. Мәселен, пластик бөтелкелерді сұрыптау және қайта өңдеуге үлес қосу – эко-волонтерліктің нақты көрінісі.

Сонымен қатар волонтерлікті дамытуға әртүрлі қоғамдық және республикалық жастар ұйымдары белсенді атсалысуда. Олардың қатарында Қазақстан студенттерінің Альянсы, Қазақстан жастар конгресі, «Жастар рухы», «Республика жастары», «Ауыл жастары» сынды ұйымдарды атауға болады. Бұдан бөлек, өңірлерде жұмыс істейтін фронт-кеңселер мен елімізде өтетін ірі іс-шаралар мен форумдарды ұйымдастыруда үйлестіруші рөл атқаратын Ұлттық волонтерлік желі де бұл саланың дамуына елеулі үлес қосып келеді.

– Мемлекет басшысы атап өткен құндылықтардың (адам, білім, инновация, ұлттық болмыс, экология) қайсысы қоғамды көбірек біріктіреді және оның себебі неде?

– Хәкім Абайдың «толық адам» тұжырымдамасында айтылған ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек қағидалары бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Жылы жүрек – қайырымдылық жасау, өзгеге қол ұшын беру, қоғамға пайда келтіру ұғымымен астасады.

Қазіргі кезең – жасанды интеллект пен білімнің қарқынды дамыған дәуірі. Біз – білімге сенетін және оны қоғам игілігіне бағыттауға ұмтылатын жас ұрпақпыз. Мемлекет басшысы да білімді өзгелермен бөлісу, жаңа инновациялық тәсілдер арқылы волонтерлікті дамыту идеясын алға тартып отыр.

Осы бағытта экологиялық волонтерлікке ерекше көңіл бөлініп, «Таза Қазақстан» жобасы жүзеге асырылуда. Аталған бастама аясында біз де бірқатар ірі экологиялық іс-шаралар ұйымдастырдық, соның ішінде «Тазалық жарысы» атты кең ауқымды экоакция өткізілді.

Егер жылы жүректі волонтерлікпен, нұрлы ақылды білім мен ғылымға негізделген даму үдерісімен байланыстырар болсақ, бұл бағыттарда еліміздің жастары айтарлықтай жетістіктерге жетіп келеді. Қазақстандық жастар білім мен ғылым саласында түрлі республикалық және халықаралық байқауларда жоғары нәтижелер көрсетуде. Ал ыстық қайрат – спорттағы табыстар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың табандылығы арқылы көрініс табуда. Осылайша, Абайдың «толық адам» тұжырымдамасы бүгінгі қоғамда, әсіресе жастар арасында, нақты істер мен нәтижелер арқылы жүзеге асып келеді.

评论