Иранда бір мезетте бірнеше жарылыс тіркелді

102
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/MMltsm2yCNROoY023nCe1lAwIhrhbtAPhNYHe2R7.webp

Фото: Анадолу

Иранның бірнеше қаласында 31 қаңтар күні жарылыстар болды. Бұл туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Соның бірі елдің оңтүстігінде, Парсы шығанағы жағалауында орналасқан портты Бендер-Аббас қаласында тіркелген.

Мемлекеттік телеарнаның мәліметінше, Моаллем бульвары ауданындағы сегіз қабатты ғимаратта болған жарылыс салдарынан екі қабат қирап, бірнеше автокөлік пен дүкендерге зақым келген. Жарылыстың нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Оқиға орнына құтқару және өрт сөндіру қызметтері жіберілді.

Иранның Tasnim агенттігінің хабарлауынша, жарылыс салдарынан бір адам қаза тауып, тағы 14 адам жараланған.

Mehr агенттігі Иранның оңтүстік-батысындағы Ахваз қаласында да тұрғын үй кешенінде жарылыс болғанын хабарлады. Расталмаған деректерге сәйкес, төрт адам қаза тапқан. Қалалық өрт сөндіру-құтқару қызметінің басшысы оқиғаның себебі газдың ағып кетуі болғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында Паранд және Тебриз қалаларында да жарылыстар болғаны туралы ақпарат тарады. Алайда бұл мәліметтерге қатысты әзірге ресми растау жоқ.

Әлеуметтік желілерде Бендер-Аббас қаласында Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы Алиреза Тангсириге қастандық жасалды деген қауесеттер тарады. Алайда ирандық бұқаралық ақпарат құралдары бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«Ақпараттан хабардар дереккөз Бендер-Аббастағы оқиға кезінде мұндай қастандық болмағанын растады», — деп хабарлады Mehr агенттігі. Осындай мәліметті Tasnim агенттігі де өз дереккөзіне сілтеме жасап таратты.

Сонымен бірге Израильдің ресми тұлғалары Ирандағы жарылыстарға Израильдің ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Бұл туралы Израильдің 12-арнасы хабарлады.

Жарылыстардан бірнеше сағат бұрын, АҚШ-пен арадағы шиеленістің күшеюіне байланысты, Иран Қарулы күштері «толық қорғаныс және жауынгерлік дайындық» режиміне көшірілгені хабарланған еді. Құрлық әскерлерінің қолбасшысы Амир Хатамидің айтуынша, «егер жау қателікке жол берсе, бұл оның өз қауіпсіздігіне, аймақтың және сионистік режимнің қауіпсіздігіне қатер төндіреді».

Вашингтон мен Тегеран арасындағы шиеленіс АҚШ президенті Дональд Трамптың соңғы мәлімдемелерінен кейін күшейе түсті. 30 қаңтарда ол Иран ядролық бағдарламасы бойынша жаңа келісімнен бас тартқан жағдайда, жаңа әскери соққылар болуы мүмкін екенін ескертті.

«Егер келісім болмаса — не болатынын көрерміз», — деген Трамп Иран жағалауларына қосымша әскери кемелер жіберілгенін де растады.

 

评论
其他材料