Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер Абу-Дабиде жабық режимде өтеді. Бұл туралы «РИА Новости» жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Кездесуге журналистер шақырылмаған. Дереккөздің айтуынша, келіссөз аяқталғаннан кейін баспасөз мәслихаты жоспарланбаған. Бұған дейін 23–24 қаңтарда БАӘ-де өткен келіссөздер де жабық форматта ұйымдастырылған еді.
Ресей мен Украина арасындағы АҚШ қатысатын келіссөздер 4–5 ақпанда Абу-Дабиде өтеді. Негізгі тақырыптардың бірі — аумақтық мәселе.
Алғашында екінші раунд 1 ақпанға жоспарланған болатын, бірақ Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков үш тараптың кестесін сәйкестендіру үшін қосымша уақыт қажет болғанын түсіндірді.
Түнде Абу-Дабиге Ресей делегациясы келген. Сондай-ақ АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффтың ұшағы да ұшып барған. 4 ақпанда БАӘ-ге украин делегациясы да жетті.
Politico басылымы украин және америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап, келіссөздердің екінші кезеңі күткеннен де нәтижелі болуы мүмкін екенін жазды.