Ресейде қазақстандық студент сотталды

160
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/VBFNWInpMnhpWpSc5KM4gXfcdgObn1zZC4HPou80.webp

Санкт-Петербургте әскери сот қазақстандық студентті терроризмді ақтау ісі бойынша 2 жылға соттады. Бұл туралы «Фонтанка» басылымы жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Іс жеңілдетілген тәртіппен қаралған. Мемлекеттік айыптаушы Гарри Азарянға үш жыл жалпы режимдегі түрме сұраса, адвокаты айыппұл салуды талап еткен.

Тергеу нұсқасы бойынша Азарян билікті күшпен құлатуды ұсынған. Прокурор ауырлататын жағдай ретінде студенттің Ресейдің Украинадағы соғысқа байланысты мобилизация кезеңінде пікір білдіргенін атап өтті.

Азарян соңғы сөзінде кінәсін мойындап, өкініш білдірді. Ол қоғамға қайта оралып, пайдалы болғысы келетінін және радикалды әрекеттерге енді бармайтынын айтқан.

23 жастағы Гарри Азарян Қазақстаннан Санкт-Петербургке келіп, Санкт-Петербург мемлекеттік университетін аяқтаған, кейін магистратураға түскен. 2025 жылдың мамырында ол «солшыл радикалды терроризм» ісі бойынша қамауға алынған. Тергеу оның «Жұмысшы билігі» ұйымының студенттік ұяшығында болғанын және бейресми жиналыстарда «революция, таптық өшпенділік, көшедегі күш» туралы сөйлегенін алға тартқан.

Азарян сегіз ай тергеу изоляторында отырып, биыл қаңтарда «белгілі бір әрекеттерге тыйым салу» шартымен босатылған. Қазақстандық адам құқықтары бюросы Азарянның ресейлік құқық қорғау органдарының назарына «Жұмысшы билігі» ұйымының 2025 жылғы 24 наурыздағы акциясынан кейін түскенін хабарлаған. Сол кезде олар СПбГУ жанындағы ескерткішке даналық құдайы Минерваның қуыршағын іліп, «Ғылым өлді» деген жазу қалдырған.

Ал РИА Новости дереккөзі бұл ұйымның студенттік «ұяшығы» университетте шамамен бір жыл бұрын құрылғанын, бірақ тек көктемде белсенді түрде көріне бастағанын жазған. Агенттік оларды халықаралық солшыл радикалды ұйымдармен байланыстырған.

评论
其他材料