Украинадағы опат. Ресей шабуылынан 11 адам қаза тапты

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/qWkQAKK5stN5dDndIsTFdWuRrFtz2JR9TnYzp4XW.webp

Ресей әскері 7 наурызға қараған түні Украина аумағына жаппай соққы жасады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DW сайтына сілтеп.

Соның салдарынан Харьков қаласында кемінде 11 адам қаза тапты, олардың ішінде екі бала бар.

Украинаның төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, баллистикалық зымыран Харьковтің Киев ауданындағы бес қабатты тұрғын үйге түскен. Қаза тапқандардың денесін құтқарушылар үйінді астынан алып шыққан. Қазіргі уақытта шамамен 300 шаршы метр аумақта іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдын ала дерек бойынша 10 адам жараланған, олардың ішінде балалар да бар.

Харьков облысындағы Чугуев қаласында да дрон шабуылы тіркелген. Қала әкімі Галина Минаеваның айтуынша, ұшқышсыз аппарат жеке тұрғын үйге түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, екі тұрғын жарақат алған.

Сонымен қатар Днепропетровск облысында жасалған шабуылдар салдарынан бір адам қаза тауып, бір әйел жараланған. Аймақ билігінің дерегіне сәйкес, облыстың үш ауданына дрондар мен артиллерия арқылы шамамен 20 соққы жасалған.

Ал Запорожье қаласында түнгі шабуыл кезінде нәресте жарақат алған. Облыс басшысы Иван Федоров бір тәулікте өңірдің 41 елді мекеніне 760 соққы жасалғанын мәлімдеді.

Украина президенті Владимир Зеленский құтқару қызметтері зардап шеккен аймақтарда жұмысын жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

评论