Дөкейлердің Дубайдағы пәтерлері. Бас прокуратура тексермейтін болды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/RZ2SFZ3ldgbKLJxEIhOKjCGt89YxxmmD5XEMweP0.jpg

Фото: nf group

Қазақстан Бас прокуратурасының Активтерді қайтару қызметі Дубайдағы 97 пәтердің Қазақстан азаматтарына тиесілі болуы мүмкін деген ақпаратқа қатысты әзірге тексеріс жүргізуге негіз жоқ екенін мәлімдеді. Бұл туралы ведомство BES.media басылымының ресми сауалына жауап берді, деп хабарлайды “Адырна”.

Мәселе бұған дейін журналист Манас Қайыртайұлы жариялаған ақпараттан кейін қоғамда талқылана бастады. Оның айтуынша, Дубайдағы Fairmont The Palm қонақүйінің маңында орналасқан тұрғын үй кешенінде шамамен 97 пәтер Қазақстан азаматтарының атына тіркелген болуы мүмкін. Болжам бойынша, пәтер иелерінің қатарында судьялар, бұрынғы министрлер, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлердің жұбайлары мен балалары болуы ықтимал.

Осыған байланысты BES.media тілшісі Қазақстан Бас прокуратурасының Активтерді қайтару қызметіне ресми сауал жолдап, бұл деректер бойынша тексеріс жүргізіле ме деген сұрақ қойған. Ведомство өкілдері қолданыстағы заңнамаға сәйкес шетелде жылжымайтын мүлікке ие болу заң бұзушылық болып саналмайтынын атап өтті.

«Уәкілетті органдар тарапынан ресми тексерулер жүргізілмейінше, шетелдегі жылжымайтын мүлікті ықтимал сатып алу немесе иелену туралы жарияланған ақпаратқа құқықтық баға беру мүмкін емес», – деп хабарлады Бас прокуратура.

Ведомство сондай-ақ мемлекетке заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады. Соңғы екі жарым жыл ішінде прокуратура мемлекетке жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеден астам активті қайтарған. Оның ішінде нақты қайтарылған қаражат пен мүліктің көлемі 1,076 трлн теңгені құрайды. Бұл соманың 968,5 млрд теңгесі ақшалай түрде қайтарылса, 107,7 млрд теңгесі мүлік түрінде, соның ішінде шетелдегі активтер ретінде мемлекет меншігіне өткен.

Айта кетейік, Дубайдағы Пальма Джумейра ауданында орналасқан Fairmont The Palm қонақүйі маңында жуырда тағы бір оқиға тіркелген. Ресми ақпаратқа сәйкес, 28 ақпанда қонақүй аумағына ирандық «Шахед» ұшқышсыз аппараты құлаған. Оқиға салдарынан төрт адам жарақат алып, медициналық мекемелерге жеткізілген.

评论