Ақтөбе облысының Байғанин ауданында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан бес адам көз жұмды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ВАЗ маркалы жеңіл көлік пен DAF жүк көлігі соқтығысқан. Апат салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен төрт жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Қаза болғандардың бірі – кәмелетке толмаған бала.
«Жол апаты салдарынан ВАЗ автокөлігінің жүргізушісі мен төрт жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір жолаушы түрлі жарақаттармен Байғанин аудандық орталық ауруханасына жеткізілді», – деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаменті.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Полиция мәліметінше, жүк көлігінің жүргізушісі зардап шекпеген.
Оқиға орнынан түсірілген кадрлар әлеуметтік желілерде тарады.
