"Бәйтеректің" бабы келіспеді ме? "Сұңқарды" ұшыру төртінші мәрте кейінге шегерілді.

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/9MBGLTDIJLQRhx3iFBuymxH4Eu3DoivgWsTdBPNc.jpg

"Сұңқар" зымыран-тасығышын Байқоңыр ғарыш айлағы аумағындағы Бәйтерек кешені старттық алаңына шығару мерзімі тағы да кейінге қалдырылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеп.

Дереккөздің мәліметінше, зымыранды алаңға шығару 29 наурыздан 31 наурызға ауыстырылған. Осыған байланысты алғашқы сынақтық ұшыру күні де өзгерді. Енді зымыранның алғашқы ұшуы 4 сәуір күні сағат 16:00-де (Астана уақытымен) резервтік күн ретінде жоспарланған. Қосымша тексерістер қажет болған жағдайда, келесі резервтік күн – 5 сәуір қарастырылған.

Бұдан алдын «Сұңқар» зымыранын ұшыру алдымен 27 наурызға жоспарланып, кейін 29 наурызға шегерілген. Одан кейін ұшыру мерзімі 30 наурыз бен 3 сәуір аралығындағы резервтік күндерге шегерілуі мүмкін делінді.

Зымыран ұшатын "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешені – Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасы. Байқоңырдағы №45 ұшыру алаңы негізінде жасақталған жоба экологиялық таза отынмен жұмыс істейтін зымырандарды ұшыруға арналған инфрақұрылым құру мақсатын көздейтіні айтылады. Жоба 2004 жылы басталып, 2005 жылы сол кездегі президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің қатысуымен ресми түрде іске қосылған болатын.

Айта кету керек, Ресейде — «Союз-5», Қазақстанда «Сұңқар» аталатын бұл алып құрал — орта класты, екі сатылы зымыран. Ол экологиялық қауіпсіз отын — нафтил мен сұйық оттегін пайдаланады. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда, Қазақстанның ғарыш саласындағы әлеуетін арттырып, халықаралық ұшыру нарығындағы орнын күшейтуге мүмкіндік береді деп хабарланған.

Айта кетейік, бұған дейін ресейлік БАҚ-тың зымыран атауына қатысты пікір жариялаған едік. Ал былтыр Байқоңырдағы Гагарин старт алаңының орнынан көне өркениет ошағы табылғаны хабарланған болатын. 

评论