Молдова ТМД құрамынан шықты

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/nfHQjbRs6cas3RqEqFw917Pg8VqM1ikyaUHJQd1Y.jpg

Молдова парламенті елдің Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) құрамынан түпкілікті шығу туралы шешімді қолдады. Бұл туралы заң шығарушы орган 2 сәуірдегі жалпы отырыста екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды "Адырна".

Шешімді 60 депутат қолдады. Кишинев бұл ұйым мемлекет аумағының тұтастығы, шекарасының мызғымастығы сияқты басты құндылықтарды сақтаудан қалды деп есептейді.

Енді құжатқа ел президенті Майя Санду қол қояды. Мемлекет басшысы осы ұйымнан шығуды жақтаушылардың бірі болғандықтан, түпкілікті шешім қабылдауда ешқандай қиындық тумауға тиіс.

Молдованың ТМД құрамынан шығуының басты себептерінің бірі – ұйым құндылықтарының сақталмауы. Себебі Достастық елдері мемлекет аумағының тұтастығын, шекарасының мызғымастығын, егемендігін құрметтеуге тиіс еді.

Құжатта Ресейдің Украинаға қарсы әскери агрессиясы осы құндылықтарды өрескел бұзғаны айтылған. Заң түсіндірмесінде ТМД Ресейдің саяси ықпалының құралына айналғаны, Мәскеу оны бұрынғы совет республикаларына қысым жасау үшін пайдаланып отырғаны айтылған.

Оның үстіне еуроинтеграцияға ұмтылатын Молдова ендігі жерде ТМД-ға мүше болып қала алмайды.

Осылайша ТМД құрамында сегіз ел қалды. Олар: Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Тәжікстан. Кейінгі уақытта Армения да ұйымның кейбір құрылымдарына қатысудан шет қалып жүр, бірақ ТМД құрамынан түбегейлі шыққан жоқ.

Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымын 1991 жылғы 8 желтоқсанда Ресей, Украина және Беларусь құрған. Ал 21 желтоқсанда Алматы декларациясы қабылданып, ТМД құрамына тағы сегіз ел кірген. Грузия оған 1993 жылы қабылданып, 2009 жылы шығып кеткен. Балтық елдері – Литва, Латвия және Эстония ұйымға кіруден бірден бас тартқан

评论
其他材料