Шымкентте жүргізушілер қосымша ақы талап етіп, жұмысқа шықпай қойды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/kJdbgsaFzhdQOZtRbfiG96vFqK0B4IqoFs454VFM.jpg

Шымкентте көше тазалауға жауапты коммуналдық мекеменің көлік жүргізушілері жаппай жұмысқа шықпай қойды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі КТК-ға сілтеме жасап.

Бұл шешімге мекеме директорының жұмысшыларды күндіз-түні жұмыс істеткенімен, қосымша айлық бермейтіні себеп болған. Қызметкерлер көліктердің де май-суын өз қалтасынан ауыстырып, қосымша бөлшектерді де өз қаржыларына алатынын жеткізді. Осыған келіспеген 100-ден астам жұмысшыны «Еңбекші» деп аталатын комуналдық мемлекеттік мекеменің директоры бүгін, ауызша, жаппай жұмыстан қуған.

«Жұмыс уақыты 9-дан 6-ға дейін деп бекітілген. Бірақ бір күндері сағат 9-да, 10-да, 11-де, кейде түнгі 2-де де қайтқанмын. Таңғы 4-ке дейін істегендер бар, сенбіде кеткенімізге жұмыстан шығарып жатыр. Ақы төленбейді, жексенбі күні де жұмысқа шығартады. «Шықпаймын» десең болды, «боссың» дейді. Бұл кісінің жұмысы — жұмыстан шығару»,-дейді жүргізушілердің бірі.

Былтыр қарашада құрылып, жұмыс істеп жатқан коммуналдық мекеменің директоры қол астындағылардың шағымының біреуімен де келіспейтінін айтты.

«Өз қалтамыздан аламыз дегені өтірік. Ешкім алыңдар мәжбүрлеп жатқан жоқ. Алты күндік жұмыс күніне өтіп жатырмыз. Бұл жерде бөлім басшысы дұрыс жеткізбеген деп ойлаймын»,-деді Нұржан Төлебеков.

Шулаған жұмысшылар қала басшысын шақырған. Қала әкімінің орнына аудан әкімінің орынбасары келген. Бірақ жауапты шенеуніктің жұмысшылармен әңгімесі жараспады. Жұмысқа шықпадыңдар деген баппен жұмыстан босатамыз деген соң жүргізушілердің біразы көлікке қайта отыруына тура келді. Бірақ 180 жүргізуші мәселеге қала әкімі араласып, жүгенсіз басшының әрекетіне прокурорлар мен еңбек инспекциясы араласқанын қалайды.

评论