Instagram желісінде тараған бір бейнеролик елдің есін елең еткізді.
Онда мемлекет және қоғам қайраткері Ералы Тоғжановтың Маңғыстау облысын басқарған кезеңінде 36 мың жұмыс орны ашылатыны, соның ішінде Жаңаөзенде 5 мың адам еңбекпен қамтылатыны туралы айтқаны көрсетілген. Бұл сөз 2019 жылғы 26 сәуірде Жаңаөзенге жасаған жұмыс сапары кезінде, жұмыспен қамту комиссиясымен өткен кездесуде айтылған болатын.
Қазіргінің тілімен айтсақ, бір үзінді сөз алынып, соның төңірегінде пікір қалыптастыруға тырысқандай көрініс бар. Бірақ қазақ “судың да сұрауы бар” дейді. Әр сөздің салмағы, әр істің есебі болады. Сондықтан мұндай мәселеге байыппен, дерекке сүйеніп қараған жөн.
Сандарға жүгінейік.
2019 жылдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысында еңбекке қабілетті халық саны 181,2 мың адам болды. Соның 172,3 мыңы жұмыспен қамтылды. Жұмыссыздар саны 15,3 мың адам болып, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыз деңгейінде қалыптасты. Бұл – жай статистика емес, нақты атқарылған жұмыстың айнасы.
Сол жылы облыс басшылығына нақты міндет жүктелді – 30 мың адамды жұмыспен қамту. Нәтиже ше? Жоспар сөз күйінде қалмай, орындалды. Ал Жаңаөзенде жоспардағы 5 000 мыңнан артық адам жұмысқа орналастырылды.Қазақ “ат аунаған жерде түк қалады” дейді. Демек, бұл жерде құрғақ уәде емес, нақты нәтиже бар.
Бір нәрсені ашық айту керек: бұл “ертең істейміз” деген бос сөз емес. Бұл – нақты бағдарлама, нақты әрекет, нақты нәтиже. Бір сөйлемді бөліп алып, соған қарап тұтас кезеңге баға беру – әділ таразы емес. “Көрмей жатып тон пішпе” деген де осы.
Маңғыстау – мұнайлы өңір. Бірақ заман өзгерді. Мұнайға ғана қарап отыратын уақыт артта қалды. Бүгінгі міндет – халықты тұрақты табысқа, кәсіпке, еңбекке бейімдеу. Осы бағытта сол кезеңде елімізде баламасы жоқ «Nur Kapital» бағдарламасы іске қосылды.
Бағдарлама аясында кәсіп бастаймын деген азаматтарға 1 пайыздық несие беру мүмкіндігі туды. Осы мүмкіндікті мүлт жібермеген 1000 нан астам адам өз кәсібін дөңгелетіп әкетті.Нарықта пайыздық мөлшерлеме қымбаттап тұрған кезде бұл – жеңілдік емес, нақты қолдау еді. Несие 7 жылға дейін беріліп, 5 жылға дейін субсидияланды. Ең басты талап – жаңа жұмыс орындарын ашу.
Нәтиже қандай?
2018–2025 жылдар аралығында 224 кәсіпкер өтінім беріп, соның 160 жобасы қолдау тапты. Жалпы 3,3 млрд теңге несие беріліп, 1 183 жаңа жұмыс орны ашылды.
Мұнайлы ауданында 63 жобаға 1 321,6 млн теңге, Жаңаөзенде 47 жобаға 1 006,5 млн теңге бағытталды. Жалпы қаржының 34 пайызы Жаңаөзен кәсіпкерлеріне тиесілі болды. Орта есеппен бір жобаға 20,6 млн теңге бөлініп, 7–8 адам жұмыспен қамтылды.
Бағдарламаның тиімділігі де көзге көрініп тұр.
